Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамбадағы түйір дән – ел ырысы бұйырған

Қамбадағы түйір дән – ел ырысы бұйырған

Биыл сырдариялық шаруалар 36043 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішін­де негізгі дақыл – күріштің көлемі 23811 гектар. Бұл былтыр­ғы жылмен салыстырғанда 3083 гектарға артық көрсеткіш.

Аудандық ауылшаруашылығы жә­не жер қатынастары бөлімінің мәлі­­ме­­тінше, егілген егіннің ішінде жаз­дық бидайдың көлемі 1723 гектарды құрайды екен. Сәйкесінше аудан бойынша арпа 15 гектарға,  мақсары 180 гектарға, күн­бағыс 100 гектарға, жаңа жоңышқа 1846 гектарға және ескі жоңышқа 7200 гектарға егіліпті. Мұнан бөлек шаруалар 1168 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егіп, оны күтімге алған. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстары қарқынды түр­де жүргізіліп, ала жаздай еңбек еткен диқандар мол өнімге кенелуде.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкө­ніс, бақша өнімдерімен қам­туына жағ­дай жасау мақсатында шаруа­шы­лық құрылымдары тарапы­нан ауыл тұр­ғындары үшін 359 гектар қосымша жер ашылып, 1105 отбасыға берілген. Оның 200 гектарына картоп, 51 гектарына көкөніс, 108 гектарына бақша да­қылдары егіліпті. Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасып, қосымша жерлер ашылатын болады. Ашылған жерлерге су жеткізу жұмыстары да бөлімнің тікелей назарында. Егін егу науқанында шар­уа­шылық құрылымдары қажетті ми­не­ралдық тыңайтқыштың 10010 тоннасын және арамшөптерге қарсы қолданатын гер­бицидтердің 16500 литрін сатып алған. Сала мамандары 17000 гектарға егілген күріш дақылы тыңайтқыштармен үстеп қорек­тендіріліп, арамшөптерге қарсы 19000 гектар көлемге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгенін айтады.

– Егілген 1723 гектар бидайдан 1278,8 тонна өнім алынып, орта өнімі гектарына 7,4 центнерден, 15 гектар арпадан 16,5 тонна өнім алынып, орта өнімі гектарына 11,0 центнерден, 180 гектар мақсарыдан 90,0 тонна өнім алынып, орта өнімі гектарына 5,0 центнерден және 100 гектар күнбағыстан 10,0 тонна өнім алынып, орта өнімі гектарына 1,0 центнерден келді. Сонымен қатар 1168 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдары толық жиналды. 508 гектар картоптан 10668 тонна өнім алынып, әр гектарына 210,0 центнерден, 240 гектар көкөністен 5424 тонна өнім алынып, әр гектарына 226,0 центнерден, 420 гектар бақшадан 11760 тонна  өнім алынып, әр гектарынан 280,0 центнер өнім жиналды. Күзгі егін жинау науқанына барлығы 969 дана техника, атап айтқанда, 230 комбайн, 120 жатка, 360 трактор, 196 трактор тіркемесі, 63 тасымал автокөлігі жұмылдырылған. Техникалық саясатты жетілдіру және машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары ауданымызда соңғы жылдары жүйелі жүргізілуде. Қазіргі кезде шаруашылықтар шетелдік заманауи, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникаларын алуға басым­дық беріп келеді. Күзгі егін жинау жұмыстарына қажетті арзан­датылған бағада 2318 тонна жанар-жағар май бөлінді. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы статис­тикалық деректер бойынша ауыл шаруа­шылығы саласында 20 млрд 858 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,3 пайызға орындалды, – дейді аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының мін­детін атқарушы Бағлан Мейрамбекұлы.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруа­­шылығы мақ­са­тындағы жер учас­келеріне талдау жұмыстары да жүр­гізілуде. Осы мақсатта жалпы көлемі 34 000 гектар жерді қайтару жоспарланған. 2023 жылдың 9 айында жалпы көлемі 53161,3 гектар болатын 31 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі ауданның арнайы қо­рына қай­тарылған. Алдағы уақытта да игерілмей немесе мақсатына сай пайда­ланылмай жатқан жерлерді қай­тару жұмыстары жалғасатын болады.

Бөлім басшысының мін­детін ат­қа­рушы Бағлан Мейрамбекұлының айтуынша, егін науқанын сырдариялықтар жылдағы үрдіске сай табысты қоры­тындыламақ ниетте. Осыған сәйкес облыс орталығында және ауданда ауылшаруашылығы өнімдерінің жәр­меңкесі де ұйымдастырылады. Сондай-ақ жыл көлемінде жемісті еңбек еткен диқандар мен шаруашылық құры­лымдары түрлі аталымдармен мара­патталатын болады. Марапаттау рәсімі «Алтын дән – 2023» салтанатты іс-шарасы аясында ұйымдастырылып, халыққа концерттік бағдарлама ұсы­нылады. Қорыта айтқанда, адал еңбекті ту еткен аудан диқандары «Қам­бадағы түйір дән – ел ырысы бұйырған» атты ұранмен аянбай еңбек етуде.


А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
21 қазан 2023 ж. 199 0