Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтқарушылар зор құрметке лайық

Құтқарушылар зор құрметке лайық

Өрт – тілсіз жау. Қайда, қашан, қан­дай жағдайда орын алуы белгісіз. Өкі­ніштісі, уақытылы ауыздық­талмаған жа­ну оқиғасы қайғы­лы жағ­дайларға душар етіп жатады.

Осындайда өрт сөндіруші қыз­метін өмірлік мамандық еткен жандарға артылар жауапкершілік жү­гі жеңіл болмақ емес. Оқиға орнына жылдам жеткен құтқарушылар тиісті жұмыстарды атқарып, тілсіз жауды ауыздықтауға тырысады. Бұл жерде қызметкерлердің жұмысы қауырт. Себебі жанудан сақтайтын киімнің өзінде әжептеуір салмақ бар. Одан бөлек арнайы құрылғылармен отты сөндіру және қажет жағдайда тұрғын жайды бұзу да керек болады. Қауіппен бетпе-бет келіп, қиындығы мол жұмысты лайықты атқару екінің бірінің қолынан келе бермес нағыз ба­тырлық деуге болады.

Осы ретте ауданымызда да өрт оқиғалары тіркеліп жатады. Ондайда төтеншеліктер тиісті жұмысқа көшіп, өрт сөндірушілер жылдам іске кіріседі. Солай талай өрт оқиғасы аса шығынсыз аяқталады. Тұрғындардың немқұрайлығынан яки табиғи салдардан өрт оқиғасы орын алса, аудандағы өрт сөндіру бөлімі қызу қызметке кіріседі.

Осындай оқыс оқиғаның бірі сәуір айында ауданға қарасты А.Тоқмағамбетов ауылдық округінде орын алған еді. Үлкен көлемде, зор шығынға ұшыратқан өрт салдарынан ауылдағы Е.Боранбаев кө­шесіндегі қатар орын тепкен үш бірдей үй өртеніп, отбасыларға шы­ғын келтірген болатын. Көктем мезгіліндегі жайсыз ауа райы орын алған күндердің бірінде болған оқиға орнына құтқарушылар әп сәтте жұ­мылдырылған. Ұйытқи соққан желдің әсерінен тілсіз жау тез таралып, ауыздықтау қиынға соққан. Десе де, құтқарушылар қолдан келген жұмысты атқарып, адам шығынынсыз оқиға орнын қауіпсіз еткен.

– «Апат айтып келмейді» дейді ғой. Әрине ауыр жағдай орын ал­ған сәт әлі күнге көз алдымыздан кетпейді. Үш бірдей отбасы тұрғын жайсыз қалуы деген оңай емес. Алланың берген сынағы шығар. Қиындықты берген Жаратушы шешімін де өзі келістіріп береді дейді ғой. Сол кезде қауіппен бетпе-бет келіп, дер кезінде оқиға орнынан табылған аудандық өрт сөндіру бөлімінің мамандарына алғыс айт­қым келеді. Білікті мамандардың қы­рағылығының арқасында оқиға бас­ты байлық адамға қауіпсіз түрде аяқталды. Сол оқиға орын алған кезде өзіміз де есеңгіреп қалдық. Ауыл, аудан тұрғындары мен еріктілер ұдайы қолдау көрсетіп, қолдан келген көмегін аямады. Аудан айнасына айналған басылым да қолдау көрсетіп, бірнеше мәрте ел-халықты бір болып жұмылуға үндейтін мақала басып шығарды. Нәтижесінде қазір жағдай тұрақты деуге болады. Тұр­ғындарға, қауіппен бетпе-бет келіп, өз өмірін қауіпке тігіп, оқыс оқиғаның басы-қасынан табылып, жан аямай еңбек ететін, күнделікті жұмысы нағыз ерлікпен тең құт­қарушыларға алғыс білдіргім ке­леді, – дейді ауыл тұрғыны Ғалымжан Жақаев.

Бұл бір ғана оқиға емес. Төтенше жағдай орын алғанда өрт сөн­дірушілер бұндай оқиғамен жиі бетпе-бет келеді.

– Әнеукүні қорамыз өртенді. Оқиғаның нақты себебін анықтай алмадық. Тек түтін шығып, бықси бастағанда тиісті қызметкерлерді шақырдық. Мың болғырлар өртті әп сәтте ауыздықтап, еш шығынсыз оқи­ғаның абыроймен аяқталуына ық­пал етті. Тек қораны қалпына кел­тіру қажет. Ең бастысы, адам аман, үй аман. «Бас аман болсын» дегенді осындайда айтса керек. Осы ретте, тәуліктің қай мезгілі болсын алдыңғы сапта халық тыныштығын күзетіп тұратын сала мамандарына ризашылығымды білдіргім келеді. Лайым ауданымызда, елімізде ты­ныштық болсын. Алла бәле-жаладан, тілсіз жаудан сақтасын, – дейді атын атамауымызды өтінген қарт тұрғын.

«Бұндай сәтте бей-жай қарап тұру мүмкін емес. Қызметтен бұрын адамгершілігі бар адам баласы қа­уіпті оқиғаға куә болса бірден көмектесуге дайын тұрады» дейді аудан орталығында орын алған оқыс оқиға кезінде қос бірдей бүлдіршінді тілсіз жаудан құтқарған Азамат Баймаханов. Оқиға былай болған екен. Қыстың қақаған күнінде аудан орталығындағы Д.Қонаев көшесі бойында орналасқан тұрғын жайда өрт оқиғасы орын алған. Оқиға орнына 1 негізгі өрт сөндіру автокөлігі құрамындағы 7 қызметкерімен бар­ған. Өртті барлау жұмыстарын жүргізу барысында тұрғын үйдің асхана бөлмесіндегі қатты отынмен жағылатын жылыту пешінің шамадан тыс қызуы салдарынан оған жапсарлас тұрған көрпеше мен сандық бықсыған. Сонымен қатар тұрғын үй қабырғалары түтіндеп, ысталғандығы анықталған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар өртті ауыздықтаған. Оқиға орын алып жатқанда тұрғын жай ішінде екі кішкентай бүлдіршін қалып қойған. Сырдария ауданының №12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау сержанты Азамат Бектиярұлы бүлдіршіндерді құтқарып, сыртқа алып шыққан. Өз өміріне қауіп төніп тұрса да, бір үйдің қос бірдей баласын құтқарып қалған Азаматтың бұл ісі нағыз азаматтық деп айтуға негіз бар.
Міне, біз мысалға келтіріп отырған бірнеше оқиғадан бөлек ауданда қаншама оқыс оқиға орын алып жатады. Оның себебі мен салдарын түсіндіру де қиын.

– Өрт оқиғасы орын алғанда жағ­дай ушықпай тұрып, тиісті орынға хабар берулеріңізді сұраймыз, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау аға лейтенанты Ә.Жарлықасым. Маманның айтуынша өрт сөндіру бөліміне қоңырау шалып, жағдайды, мекенжайды қобалжусыз, нақты түсіндіру қажет. Бұл – құтқарушылар жұмысын жеңіл­дететін бірден-бір жол.

Құтқарушы болу – адам өміріне жауапкершілікпен қарау. Қиындығы мол саланы өмірлік мамандық еткен жандарға артылар жүк жеңіл емес. Жылдың қай мезгілі, тәуліктің қай сәті болса да, тұрғындар қауіпсіздігі үшін тың отыратын құтқарушылардың кәсіби мерекесі 19 қазан күні аталып өтеді. Осы ретте сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, есендік-саулық тілегіміз келеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден
17 қазан 2023 ж. 350 0