ҚЫЗЫЛОРДАДА ӨРТ ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ САНЫ АЗАЙДЫ
Өрт оқиғасы өткен жылдың жарты жылдығымен салыстырғанда біршама азайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері баяндады.
Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында аймақта 223 өрт оқиғасы тіркелген. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 269- ға жеткен еді. Нәтижесінде тілсіз жау фактісінің 17% - ға, материалдық шығынның 34%-ға төмендегені байқалады.
Алайда биыл 4 адам төтенше жағдайдың құрбаны болған.
Өрт оқиғалары бойынша 63 адамға әкімшілік шара көрілген, оның ішінде 5 жеке тұлғаға және 2 заңды тұлғаға сондай-ақ 4 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды.
Облыс бойынша жыл басынан 154 жеке тұрғын жайда және 53 автокөлікте өрт оқиғасы тіркелген. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары үй-жайды қараусыз қалдырмауды, көліктерді уақытылы техникалық тексерістен өткізіп тұруды баса айтты.