Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпті қызметтің қырағы маманы

Қауіпті қызметтің қырағы маманы

Майра Әбдіреева аудан­дағы №12 өрт сөндіру бө­лімінде ширек ғасырдан бе­рі радиобайланысшы болып қызмет етеді. Алғашқы еңбек жолын азаматтық қор­ғау қызметінен бастаған кіші сержант ер азаматтармен қатар абыройлы еңбек етіп келеді.

Қырағылық, шапшаң қимыл, жылдам шешім қабылдау тәрізді қасиеттерді бойына жинаған радиобайланысшы өзінің қызметі туралы былай дейді:

– Ауданның өрт сөндіру бөлімінде 1996 жылдың ақпан айынан бері қызмет етіп келемін. Қызметке бір уақытта, бір тәулікке түсетін топ құрамында 8 қызметкер болады. Негізгі қызметіме – тәулік ішінде «101», «112» байланыс бекетіне келіп түскен хабарламаларды қабылдап, қоңырау бойынша қызметімді жедел, әрі сапалы атқаруға кірісу. Желіге келіп түскен қоңырау бойынша жолдама толтырылып, өрт оқиғасы тіркелген жағдайда мекен-жайы, хабарламаны берушінің аты-жөні, нысанның немесе ғимараттың атауы нақтыланады. Сонан соң дабыл белгісі соғылады. Дабыл бойынша 2 минут аралығында арнайы жасақталған топ шақыртуға жөнелтіледі. 1 қарауыл бастығы, 1 бөлімше командирі, 3 өрт сөндіруші мен 2 жүргізуші аудан көлемінде орын алған өрт шығу аумағына жедел жетіп, тілсіз жауға тосқауыл қояды, – дейді қызметін мінсіз атқарып келе жатқан радиобайланысшы Майра Әбдіреева.

Жалпы, өткен жылы аудан көлемінде 76 өртке жатпайтын жану оқиғасы, 26 өрт, 4 апаттан құтқару жұмысы тіркелген. Айта кету керек, соңғы екі жыл көлемінде «112» құтқару желісі іске қосылып, бұл қызметті де аудандағы №12 өрт сөндіру бөлімі абыроймен атқаруда.

Бөлімнің мақтанышы Майра Бейбітқызы қызметін жауапкершілікпен атқарып, физикалық тұрғыда үнемі дайындықтан өтіп, 3 жылда бір рет болатын арнайы сынақты ойдағыдай тапсырып келеді.

– Азаматтық қорғау қызметінің кіші сержанты Майра Әбдіреевамен бірге 16 жылдан бері бір ауысымда қызмет етіп келемін. Оның кәсіби дайындығы шыңдалған. Тәжірибесі мол. Қызметін мінсіз атқарады. Басшылық тарапынан берілген бұйрық пен нұсқауларды уақытылы, әрі сапалы орындайды. Өртке қарсы қызметінің жарғыларын өз қызметін атқару барысында басшылыққа алып, тілсіз жаудан адам өмірін, қоғам меншігін құтқаруда аянбай қызмет етіп келеді. Аудан бойынша өртке қарсы су көздерінің орналасуын жақсы біледі. Әскери міндетіне ыждағаттылықпен қарап, ұқыптылықты алдыңғы кезекке қояды. Әріптестері Майра Бейбітқызын үлгі етіп, ұжым мақтанышы ретінде құрметтейді, – дейді бөлімше командирі Алмат Ділдабаев әріптесі жайлы жылы лебіз білдіріп.

Шын мәнінде ер азаматқа тән мінезбен, уақытпен санаспай, тәулік бойы көз ілмей қоғам тыныштығы үшін қызметте тұрған Майра Әбдіреева отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Өмірлік серігі Марал Баймұратовпен 4 бала тәрбиелеп отыр.

Сала үздігі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі төтенше жағдай комитетінің І және 2 дәрежелі, «Төтенше жағдайлар қызметіне 10 және 15 жыл» медальдарымен марапатталған.
Қырағы қызметкердің азаматтық қорғау саласындағы мінсіз қызметіне абырой тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
06 ақпан 2021 ж. 646 0