Басылым тірегі – тұрақты оқырман
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп басталатын мақаласын «...адамға көз, құлақ, тіл қаншалықты керек болса, халыққа да газет соншалықты керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деп түйіндейді. Осыдан-ақ қоғамның тыныс-тіршілігінде мерзімді басылымның алатын орны ерекше екенін ұғынуға болады емес пе?!
Жыл аяқталуға жақын қалғанда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» деп басталатын өлеңі еске түседі. Аталған өлеңде тоқтаусыз уақытпен ұштасқан қарбалас тіршілік баяндалатынын көзі қарақты оқырманның жақсы білері анық. Сол секілді біздің де жұмысымыз осы екі ай жақындағанда қыза түседі. Себебі аудандық газет оқырмандарын келесі жылға баспасөзге жаздыру жұмыстары ұйымдастырылады.
Елімізде мерзімді басылымдар мемлекеттік саясатты ақпараттандыруда негізгі күш болып есептеледі. Сондықтан аудандағы мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлер аудандық газетке тұрақты түрде жазылады. Сәйкесінше, басылым да олардың жұмысын ақпараттандырып, ортақ абырой үшін бірлесе еңбек етіп келеді. Бұл қазақ баспасөзінің ғасырдан астам тарихында бар, тіпті қалыптасқан үрдіс. Осы ретте аудандық газет үшін ауданның білім және денсаулық сақтау саласының алатын орны ерекше. Білім саласында 1200-ден астам оқырманымыз болса, денсаулық сақтау саласының 400 қызметкері – тұрақты оқырманымыз.
Кез келген басылымның қолдаушысы да, тірегі де тұрақты оқырман екені анық. Газетіміздің әр нөмірін асыға күтетін, үзбей оқитын зиялы қауым өкілдерінің, ардагерлердің бар екені де көңілге қуаныш ұялатады. Біз де сол сенімді ақтайық деп жұмысымызға ерекше жауапкершілікпен қарап, барынша ашықтық, жариялылық қағидатын ұстанып келеміз. Яғни тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдауға, тиісті ақпараттық қолдау көрсетуге, мақалалар әзірлеуге әркез дайынбыз.
Газет таралымының артуына аудан шаруашылықтары да лайықты үлес қосуда. Осы жолғы баспасөзге жазылу науқанында да Сыр күрішін өсіріп, ел қамбасын алтын дәнге толтырған диқандар сол үрдістен айнымайды деп сенеміз. Біз де өз кезегімізде еңбек адамдарының жемісті де нәтижелі жұмысын ақпараттандыруды жалғастырамыз.
Барша аудан тұрғындарын, тұрақты оқырмандарымызды жаңалықтардың жаршысы болған аудандық газетке жазылуға шақырамыз. Келесі жылы 85 жылдық айтулы мерейтойын атап өтетін аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің есігі оқырмандар үшін қай кезде де ашық.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ