Қоғалыкөлдегі күй күмбірі
Дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлы – ұлт мақтанышына айналған атақты тұлға, қазақ күйінің атасы. Биыл туғанына 200 жыл болған күйшінің өмірі мен өнерін, туындыларын насихаттау мақсатында Қоғалыкөл ауылында облыстық деңгейде кәсіби күйшілердің байқауы ұйымдастырылды. Байқауға ауыл әкімі Б.Рахымбеков, аудандық мәслихат депутаттары А.Ибрагимұлы мен Д.Дүйсенбекқызы және еңбек ардагерлері арнайы қатысып, талапкерлер өнерін тамашалады.
Ауыл әкімдігінің, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен өткізілген байқауды Қоғалыкөл ауылдық клубы ұйымдастырды. «Күмбірле, күй-домбыра» атты облыстық күйшілер байқауына айдынды Арал мен жаңарған Жаңақорған ауданы аралығынан сегіз талапкер қатысты. Ереже талабына сәйкес қатысушылар бірінші кезеңде Құрманғазының күйлерін орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы кез келген бір күйді көрерменге ұсынды.
Байқауға қатысушы талапкерлердін өнерін облыстық «Тұрмағанбет» атындағы филармонияның күйшісі Болат Күзембаев, Аманкелді ауылдық әуез мектебінің мұғалімі Олжас Ақтайұлы және домбырашы, ән-әуез пәнінің мұғалімі Жеңіс Қосжанов бағалады.
Байқау кәсіби күйшілер арасында ұйымдастырылғандықтан өте жоғары деңгейде өтті. Талапкерлер Қоғалыкөл ауылының сахнасын күйге бөлеп, қос ішекті құдіреттен төгілген керемет үнмен көрерменге зор тебіреніс сыйлады. Әсіресе бірінші кезеңге қатысушылардың тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Бұл өз кезегінде қазылар алқасының шешім қабылдап, жеңімпаз анықтауына да қиындық тудырғаны рас. Өйткені бірі бірінен өтетін күйшілер облыстық байқаудың деңгейін ғана емес, ұйымдастырылуы мен өткізілуінің де мазмұндық сапасын арттырды. Осы ретте Д.Ибадуллаева басқаратын клуб ұжымының еңбегін, ізденісін және соңғы уақыттары облыстық, аудандық деңгейдегі іс-шараларды тап-тұйнақтай етіп ұтымды ұйымдастырып, ауыл халқының алғысына бөленіп жүргенін айтпай өту мүмкін емес.
Қазылар алқасының шешімімен ІІІ орын Қоғалыкөл ауылының атынан қатысқан Бағлан Тахировке бұйырды. ІІ орынмен шиелілік Шынболат Жансейітов марапатталса, А.Тоқмағамбетов ауылының жас күйшісі Нартай Нұрмағанбетов І орынды иеленді. Ал бас жүлдеге Қазалы ауданынан келген Тұрар Сәдуақас лайықты деп танылды. Сонымен қатар аралдық Медеу Көшековке арнайы жүлде берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Марапаттау салтанатында ауыл әкімі Б.Рахымбеков, еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Қ.Рүстемов қатысушылардың еңбегін, өнерін жоғары бағалап, шығармашылық сәттілік тіледі. Қоғалыкөл ауылының тарихы мен жетістіктері жөнінде айтып, Құрманғазының мол мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғап жүрген өнер иелеріне ризашылығын білдірді.
Байқау барысында ауыл өнерпаздары ән айтып, жырдан шашу шашты. Сондай-ақ ауылдық клуб жанындағы бишілер үйірмесінің мүшелері мың бұрала биледі. Осылайша мәдени іс-шара жоғары деңгейде қорытындыланды.
А.Құрманайтегі