Тәрбие мәселесінде ұсақ-түйек деген болмайды
Жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының жеке бас қауіпсіздігі, балалар арасындағы құқықбұзушылық іс әрекеттер мен әлімжеттіктің орын алмауы мәселесі бұрыннан өзекті. Мектеп – ата-ана – тиісті сала мамандары үшбұрышы осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шараларды бұған дейін де ұйымдастырып келеді.
Биылғы Мемлекет басшысының Жолдауында аталған мәселенің ел ішінде күрделеніп кетуі мен жаға ұстатар жайттың көбеюі туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ қолайсыз жағдайды болдырмау үшін балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтарын ашып, атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Осы ретте №137 орта мектеп акт залында «Білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық-әлеуметтік сүйемелдеуді қажет ететін балалармен жұмыс түрлері» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.
Маңызы мен мәні жоғары жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков, облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Ш.Жүнісова, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің маманы С.Абдрахманова, облыстық тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының әдіскер-психологы Р.Мұстафаева мен әлеуметтік әдіскері Д.Ақылбек қатысты. Сондай-ақ аудан мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар және әлеуметтік педагог мамандары келді.
Алғашқы сөзді аудандық білім бөлімінің басшысы алып, облыстан келген қонақтарды таныстырып өтті. Сонымен қатар, әдістемелік семинардың мақсаты мен міндетіне тоқтала отырып, сөз кезегін алғашқы спикерге берді. Облыстық білім басқармасы, балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Шолпан Жүнісова бүгінгі таңда жиі орын алып жүрген келеңсіз жайттарды саралай келе, мәселенің бір іс-шарамен шешілмейтінін айтты.
– Ең алдымен баршаңызды жаңа оқу жылымен құттықтағым келеді, – деп сөз бастаған Шолпан Оралбайқызы бірқатар мәселелерді тізбектеп шықты. – Тәрбие отбасынан басталады. Десек те, мектеп – балаға тәрбие беруші негізгі орталық. Әсіресе қазіргі кезде өз-өзіне қол жұмсау, зорлық-зомбылық оқиғалары белең алып тұр. Отбасында тұрмысы жайсыз немесе белгілі дәрежеде қысым, зорлық-зомбылық көріп жүрген баланың психологиясында, мінез құлқында ауытқу пайда болады. Оны сынып жетекші, мұғалім, әлеуметтік педагог, психолог мамандар дер кезінде байқауы қажет және тиісті жұмыстарды жүргізуі керек. Мектеп оқушыларының жай-күйін бағамдауда мекеме басшысы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектептегі әлеуметтік педагог пен психолог мамандар бірлесе, бір-бірін толықтыра отырып жұмыс жүргізуі маңызды. Сондай-ақ, балабақшадан бастап педагогтар ата-анамен байланысты күшейтуі керек, – деген білікті маман Мемлекет басшысының тапсырмасына орай балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашудың қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар, әр ауданда осы бағыттағы әдістемелік семинар өткізіп жүргендерін тілге тиек етті.
Одан кейін «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің маманы Сымбат Нұртазақызы «Үштік одақпен жұмыстың тиімділігін арттыру барысында инновациялық жобаларды енгізу» тақырыбында баяндама қорғады. Спикер ең алдымен республикалық қордың жұмысы туралы қысқаша мәлімет беріп өтті. Сондай-ақ осы бағыттағы мәселемен қалай жұмыс жасау тиімді әрі нәтижелі болатынын талқылап, әдістемелік біліктілігімен бөлісті. Тәжірибелі маман «бес неге?» әдісі негізінде мәселенің бастапқы себебін іздеп, тереңінен зерттеу және ата-анамен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығын айтты.
Бұдан кейін қатысушылардың ойын сергіту мақсатында тренинг-жаттығу өткізілді. Ол кезде жиынға қатысушылар үш топқа бөлініп, берілген тапсырма негізінде өз жобаларын қорғады. Көңілді тренинг арқылы бойлары сергіп, бір-бірімен тығыз байланыс орната алған ұстаздар одан әрі негізгі мәселеге ден қойды.
Өз кезегінде облыстық тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының әдіскер-психологы Раушан Серікқызы «Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары» тақырыбында баяндама қорғап, алдын ала дайындалған презентациясын көпшілік назарына ұсынды. Одан кейін осы орталықтың әлеуметтік әдіскері Дана Ақылбекқызы «Әлеуметтік педагогтің кәсіби қызмет жүйесі» тақырыбында мәселе көтерді. Мәселе өз деңгейінде талқыланғаннан кейін қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Жиынды қорытындылаған Шолпан Оралбайқызы бала тәрбиесі және қауіпсіздігі ең маңызды шаруа екенін алға тартып, мамандарды осы жолда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
– Семинар өте жоғары деңгейде өтті. Және жаңаша форматты көре алдық. Білікті мамандармен бірлесіп жұмыс жасап, тәжірибе алмастық. Негізінен бала тәрбиесі, жасөспірімдер қауіпсіздігі қай кезеңде де аса маңызды, жауапкершілікті қажет ететін іс. Десек те, қазіргі таңда мәселе күрделі болып отыр. Бұны әлеуметтік желіден көргеніміз бен күнделікті айналамызда орын алып жатқан оқиғалардан анық аңғаруға болады. Мемлекет басшысы да бей-жай қарамай, бұл мәселені биылғы Жолдауында сөз етуі бұрынғы атқарылып келе жатқан жұмыстарды бірнеше есеге ұлғайту қажеттігін көрсетіп отыр. Бүгінгі №137 орта мектебінде өткен әдістемелік семинардың мәні мен маңызы зор. Ұйымдастырушыларға зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Алда аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыра бермекпіз. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы, – деп пікір білдірді №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектептің әлеуметтік педагог маманы Айгүл Әбдісұлтанқызы.
Осылайша, әдістемелік семинар сала мамандары үшін тиімділігі мол іс-шара болып, жоғары деңгейде қорытындыланды. Бір-бірімен ой бөлісіп, тәжірибе алмасқан ұстаздар алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге келісіп, әріптестік байланыстарын шығармашылық бағытта жандандыратындарын айтты. Ең маңыздысы, қатысушылар тың мәліметтерге қанық болып, білімдерін жетілдірді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ