Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой биігінде өткен қайраткер

Абырой биігінде өткен қайраткер

Қонысбек Төрешұлы Қазантаев. Бұл есім Сырбойылықтар үшін етене таныс. Талап пен тәртіптің, әділдік пен адалдықтың, еңбек пен ерліктің, пайым мен парасаттың, сұңғылалық пен саясаткерліктің, қайраткерлік пен қарым-қабілетке ие ыждағаттылықтың феномені болған тұлға туралы қалай айтып, қалай жазсақ та жарасады. Өмірі қиын кезеңдермен тұспа-тұс келіп, талай сынақты өткерсе де ел мүддесін бәрінен биік қойып, халықтың алғысын арқалаған біртуар тұлғаның туғанына биыл – 100 жыл.

Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауы­мен облыс аудандарында айтулы тұлғаның 100 жылдығына орай ауқымды іс-шаралар легі бастау алып, жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Әуелі киелі Шиеліде, сосын жаңарған Жалағашта өткен іс-шаралар сәрсенбі күні серпінді Сырдария ауданында жалғасты.

Аудандық мәдениет үйіне жиналған зиялы қауым өкілдері, тыл және еңбек ардагерлері, Қ.Қазантаевтың көзін көрген, өнегесін көңілге түйген, үлгі тұтқан, «Қазантаев мектебінен» өткен замандас-шәкірттері мен аудан халқы танымдық конференцияның куәсі болды. Айта кету керек, бұл жолғы іс-шараға «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» А.Божанова, қоғам қайраткері И.Әбибуллаев бастаған азаматтар мен Қ.Қазантаевтың ұлы, игі істерін жалғастырушы Ғ.Қазантаев арнайы қатысты.

Конференция барысында Қонысбек Қазан­таевтың Сыр өңіріндегі ел басқарған азамат­тардың қатарында адалдық пен шыншылдық, еңбекқорлық пен ізденімпаздық секілді ерекше қасиеттерімен дараланғаны, сондай-ақ Қармақшы, Шиелі, Сырдария және Жалағаш аудандарында елінің келешегі мен келер ұрпақтың бақытты болашағы үшін аса жауапты қызметтер атқарғаны кеңінен айтылды. Қатысушылар, оның ішінде аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, Алмагүл Божанова, Ибрагим Әбибуллаев, Жақай Бодықбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, біртуар азамат Қ.Қазантаев жайлы жылы естеліктерді бөлісіп, өнегелі өмірі мен кадр даярлаудағы іскерлігі жайында сөз өрбітті.

«Қ.Қазантаевтың біліктілігі мен тала­бының және еңбек­қорлығының нәтижесінде сол кездегі экономикасы төмен Сырдария ауданы аз уақыт ішінде адам танымас­тай өзгерді. Мал басы өсіп, өріс кеңіді. Егіс көлемі де ұлғайып, өнім молайды. Сонымен бірге шаруашылықтың басқа да салалары жанданды. Әсіресе ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. Нәтижесінде аудан және кеңшарларда жаңа мектептер, мәдени ошақтар және әлеуметтік, тұрмыстық, өндірістік нысандар бой көтеріп, кенттің көркі кіріп, ауылдардың ажары ашылды» деді А.Божанова өз естелігінде.

Ал, қоғам қайраткері И.Әбибуллаев қайраткер-тұлғаның басшылық қызметтегі қарым-қабілетін, тәжірибесін іспен дәлелдеп көрсеткенін, елдік мүддені көздеген тың идея­ларын сапалы жүзеге асырғанын айтса, еңбек ардагері Ж.Бодықбаев «Қонекеңнің өмірлік ұстанымы адалдық, тазалық, әділдік болды. Басшылық қызметте де өзінің тәжірибесі мен білім, білгір, іскерлігінен бөлек кез келген сәтте туындаған қоғамдық мәселені сол саланың маманы секілді жіліктеп, жан-жақты әрі терең талдап, сараптап түбегейлі шешім табуға тырысты. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қойып, күнделікті жұмыс уақытын тәртіп шеңберінде ұстады. Кемшіктерге жол бермеу үшін нақты тапсырмалар беріп, оны қатаң қадағалады. Мәселен, күннің ыстығына қарамастан егіс басын жаяу аралап, егістің шығымын көрді. Қыстың аязына қарамастан шалғайдағы Қызылқұм, Қарақұмды күні-түні аралап, ондағы малшылардың жағдайымен танысты. Мал шаруашылығының мән-жайына қанықты. Елдік істерде батыл қадамға барды. Соның нәтижесінде «Қазантаев мектебі» деген үлкен мектеп қалыптасып, бәріміз сол мектептен түлеп ұштық. Қайраткердің өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болары анық» деп пікір білдірді.

Қазақта «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген тәмсіл бар. Расында саналы ғұмырының 50 жылын ел дамуы жолындағы еселі еңбекке арнаған Қонысбек Қазантаев қоғам қайраткері ғана емес, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан сарбаз. Сан қы­рынан сыналған Қонысбек Төрешұлы Кеңес Одағы Коммунистік партия­сының Мәс­кеу­­­дегі ХХІІІ съезіне делегат болып қатыс­ты. Отыз бес жыл бойы аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық, облыстық Кеңес­­тердің депутаты болып сайланды. «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің 2 рет «Құрмет Грамотасымен» марапатталған. Айта кете­йік, Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Шиелі, Сырдария ауданындағы бір көшеге Қазантаев есімі берілген. Ал Жалағаштағы аудан­дық мәдениет үйі Қ.Қазантаев есімімен аталады.

Іс-шарада Қ.Қазантаевтың ұлы, «Құр­мет»­ орденінің иегері, «Сырдария ауда­ны­­ның Құрметті азаматы» Ғ.Қазантаев Тереңөзектің киелі топырағы – әкесі үшін де, өзі үшін де өте ыстық екенін айтты.

– Өздеріңіз білетіндей, халқымызда «Ең­бек еткеннің еңсесі биік» деген тағылымы мол сөз бар. Әкеміз Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың саналы ғұмыры елдің дамуына, оның ішінде қасиетті Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне арналды. Аймақтың дамуы жолында бірнеше ауданда басшылық қызмет атқарып, елдің еңсесін тіктеу үшін аянбай тер төкті. Сөйтіп, өзі де еңсесі биік қайраткерге, ел-жұрт үлгі тұтар тұлғаға айналды.

Бүгін, міне сол еселі еңбек еленіп, әке­міздің 100 жылдық мерейтойы аталып өті­лу­­де. Өткен аптада Шиелі, Жала­ғаш ау­дан­­дарында ауқымды іс-шара өткізіл­се,­ бүгін іс-шаралар легі Сырдарияда жалға­су­да. Ең алдымен, 100 жылдыққа арнал­ған іс-шараларды облыс аудандарында ұйым­дастыру мен өткізуге қолдау білдір­ген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевқа ризашылығымды білдіремін.

Сырдария ауданы – әкеміз үшін де, біз үшін де өте ыстық. Берекелі ауданда әкеміз еңбек жолының ең ұмытылмас кезең­дерін өткізді. Тәжірибе жинап, басшы ретінде таны­­лып, ауданның әлеуметтік-эконо­ми­калық, қоғамдық-саяси дамуына атсалыс­­ты. Сырдария ауданы халқының таза пейі­лі, адал ниеті шығар, арада қанша жыл өтсе де ел-халық әкеміз туралы тек жақсы естелік­­тер айтады. Аудан орталығындағы бір көшенің аты әкемізге берілгенін де, оны халықтың бірауыздан қолдағанын да мақтанышпен айтып өткенім жөн. Бұл әкеміздің елдің мүддесін бәрінен биік қой­ып, тазалықты, адалдықты, әділдікті ту ет­кенінің жемісі деп білеміз. Әкеміз әркез Сырдария ауданында еңбек еткен жылдарын зор тебіреніспен айтып отыратын. Анамыздың да сіздерге деген көңілі, тілегі әркез ақ болатын. Сонымен қатар, өзім де алты жыл осы ауданды басқардым. Бұл ауданның тарихы, әр саладағы жұмыстар жүйесі маған етене таныс. 2013-2019 жылдар аралығында екі рет «Үздік аудан», екі рет «Озат аудан» атанып, Сырдарияның көшін төрге сүйрегенімді, әкемнің ізін жалғап ауданды абыроймен басқарып, кейін осы аудан халқының ұсынысымен «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанғанымды мақтанышпен айта аламын.

Әкемнің Тереңөзек ауданы туралы­ айтқан естеліктері біздің жадымызда сақ­таулы. Әсіресе, еңбек адамдарымен­ етене араласқаны, жаңа нысандар сал­ғаны, егіншілермен кездесуі, шопандармен жүздесуі, сонымен қатар су тасқыны кезіндегі іс-әрекеттері мен атқарған жұ­мыс­тары ұмытылмайды. Ол туралы талай­ кітаптарға да, газеттерге де жазылды. Ақын­дар жырына қосып, талай арнаулар да арнады. Жаңа да әкеміздің көзін көрген ардагер ағаларымыз жақсы пікірлерін айтты. Әлі де естеліктер айтылары анық. Мен шын жүрегіммен Қазантаевтар әулетінің атынан баршаңызға шынайы ризашылығымды біл­діремін. Әрине, мен қанша айтсам да перзент ретінде әкеме баға бере алмаймын. Бағаны халық береді. Ал, халық – Құдайдың бір аты. Халықтың әкемізге деген, жалпы әулетімізге деген жоғары бағасына, құрметіне, пейіліне әркез алғыс айтамыз. Лайым, тарих өшпесін, тұлғалар еңбегі ұмытылмасын. Ел аман болсын! Бүгінгі іс-шара егін жинау кезеңімен тұспа-тұс өткізілуде. Несібесін Жер-Анадан сұраған дала диқандарының еңбегі жемісті болсын! Ел қамбасы алтын дәнге толсын!, – деді Ғанибек Қонысбекұлы.

Шын мәнінде, Қ.Қазантаевтың еңбек жолынан, елге жасаған ізгілікті істерінен ұрпақ жадында сақталатын парасат пайым мен ғибратты көруге болады. Дана халқымызда «Елім дейтін ер болса, ерім дейтін ел болар» деген сөз бар. Оның парқы дәл осындай тағылымы мол іс-шараларда ашыла бермек. Сыр елінің саңлағына айналған, аймағымыздың дара тұлғасы Қонысбек Қазантаевтың 100 жылдығына арналған танымдық конференция өз құндылығымен осылай есте қалды. Конференциядан кейін ардагерлерге ас беріліп, қайраткер-тұлғаның рухына Құран бағышталды.

Ақтөре Ибрагимұлы
16 қыркүйек 2023 ж. 224 0