Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайраткер қасиеті

Қайраткер қасиеті

Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» га­зетінің редакциясы ауданның Құрметті азаматы атағын алған азаматтар туралы зерттеп, мақалалар жазуды бастаған екен. Осы ауданның тумасы, 40 жылға жуық ауданда қызмет атқарғандықтан әрі құрметті атақты алған кісілерді жақсы білетіндіктен, олардың көпшілігімен бірге қызмет ат­қарғандықтан реті келгенде өз ойымды білдіріп тұруды парызым деп санадым. Алдымен облысқа белгілі тұлға, білікті басшы Қонысбек Қазантаевқа ескерткіш-мүсін ашылғандағы ойларыммен бөліскім келді.

Өткен жылдың желтоқсан айының 18-і біз үшін, Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың шәкірттері үшін айтулы күн болды. Өйткені, көп жылдардан бері ұсыныс жасалып, орындалуын күтіп жүрген көрнекті тұлғаның ескерткіш мүсінін орнатуға шешім қабылданып, ұлықтау іс-шарасы өткізілді. Осындай елге еңбегі сіңген, бүкіл саналы ғұмырын халықтың қамына, туған жердің болашағына арнаған ардақты аға буын өкілдерін еске алу, биік бағасын беру, абыройын асқақтату – жас ұрпаққа үлкен өнеге, өшпес үлгі. Облыстың даму жолында жан-тәнімен еңбектеніп, барлық білім-білігін, ақыл-парасатын, қайрат-жігерін, тәжірибесін жұмсады. Халықтың жадында өшпейтін із қалдырған, облыстың 4 ауданында қызмет атқарған Қонысбек Төрешұлының сол аудандарда қызмет еткеніне алдына 50-60 жыл, соңына 25-30 жылға жуық уақыт өтсе де сол аудандардың халқы осы уақытқа дейін атын ардақтап, атқарған жұмыстарын аңыз етіп айтып отырады. Іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, сөзге шешен, қара қылды қақ жарып, әділетті ту еткен тұлға деп бағалайды. Осындай тұлғаның тәрбиесін көріп, бірге қызмет атқарғанымызды мақтан ете­міз. Қонысбек Төрешұлының шәкірті есебінде өзім куә болған бірнеше ерекше қасиеттерін тағы да атап өткім келеді.

Қонекең қызмет бабында өте ыждағатшыл, талапшыл, алға қой­ған мақсатын қандай қиындықтар, кедер­гілер болса да орындамай қоймайтын қайсар азамат еді. Берген тапсырмасын түпкі нәтижеге жеткенше қатаң бақылауға алатын. Елдің, қарапайым халықтың мүддесін өз мүддесінен үнемі жоғары қоятын. Жылдың төрт мезгілінде қайталанып отыратын қат-қабат шаруа­шылық жұмыстарымен қоса, болашақты болжап, келешектің негізін қалап отыратын қайраткер еді. Өзімен бірге қызмет атқарған әріптестерінен де осыны талап етті. Қонекең халық шаруашылығының қай саласымен айналысса, сол саланың білікті маманы болып кетуші еді.

Қонысбек Қазантаев сөзге өте шешен кісі еді, салмақты, шегелеп сөйлейтін. Жиындарда сөз сөй­легенде бір сөзді екінші рет қай­таламайтын еді. Дауысын көтермей-ақ айтқан сөздері еттен өтіп, сүйекке жетіп жататын.

Қонекең қызмет еткен қоғамда «ка­дрлар бәрін шешеді» деген қағида бар еді. Меніңше, бұл қағида қазір де өз күшін­де деп ойлаймын. Қонекеңнің кадр тәрбиелеуі ерекше болатын. Келешек партия жұмысына пайдаланатын кадр­ларды есепке алып, әртүрлі тапсырмалар беру арқылы әбден сыннан өткізіп алатын. Ол кісінің өзі тәрбиелеген кадрларына сенімі мен жауапкершілігі қатар жүретін. Жеке тапсырма берерде алдымен терең түсіндіріп, мақсатты айқындап, содан кейін барып орындалуын қадағалайтын. Қонекең тәрбиелеген кадрлар әлі де белсенді еңбек етіп келеді.

Қонысбек Төрешұлы өте талапшыл, принципшіл, әділетті, қолы да, жүрегі де, пейілі де таза, дүниеге қызықпайтын. Мансап қумайтын, бәрін ретімен, жолымен, заңымен жасайтын. Соған бізді де үйретті, отбасын, балаларын да солай тәрбиеледі. Ерте ме, кеш пе, адал еңбек өз бағасын алады деп отырушы еді. Қызмет бабында қылышынан қан тамған талапшыл Қонекең дос­тарына, қарапайым еңбек адамына ме­йірім­ді болды. Ол кісінің жақын достары облыстың ардақты азаматтары, қоғам қайраткерлері Ғафур Мұхамеджанов, Ахметжан Жанпейісов, Қалқабай Әбенов, Смағұл Ысқақов ағалармен досты­ғының куәгері болдық. Ауданда еңбек адамдарын сыйлауда, дәріптеуде алдына жан салмайтын, оларды үнемі жоғары Үкімет наградаларына ұсынып отыратын.

Қонекең нақты істі ұнататын, уә­десіне берік еді. Көл­гірсуді, жағым­паздықты жақтырмайтын, сөзбен іс­тің бір­лігін қадағалап отыратын. Ол кісінің іскерлігі, алғыр­лығы, жаңа­шылдығы, ұйымдастырушылық қабі­летінің жоғары­лығы, еңбеккештігі ай­на­ласындағы адамдардың ай­­рықша қастерлейтін қасиеттері, бір сөзбен айтқанда үлкен жүректі дара туған тұлға болатын. Мұндай қабілетті, абыройды, бақытты табиғат ілуде біреуге, санаулыларға ғана беретін болар. Қонекең қолға алған ісін тындырмай қоймайтын, халықтың қалаулысы болды. Сондықтан да сің­ірген еңбегіне қарай ел естен шығармайды, биік бағасын береді. Қонекеңнің басына қонған бақыт құсы ол оған деген халықтың сүйіс­пеншілігі. Қонысбек Төрешұлы 22,5 жыл Тереңөзек, Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Басқарудың да басқаруы бар. Менің ойымша, осындай басқару жүйесіндегі ерекше тұлғалардың қарым-қабілетін, пайым-парасатын басқару әдістерін, стилін (басқарушының феноменін) қоғамдық ғылымдар арнайы зерттесе артық болмас. Мұндай тәжірибе қаншама жас буын­ға сабақ болар еді.

Қонысбек Төрешұлы бұрынғы Терең­өзек ауданын басқарғанда уақыттың қиындығына қарамастан әлеуметтік, рухани салалардың жан-жақты дамуы Қонекеңмен қа­тар қызмет атқарған қоғам қайрат­керлері Елеу Көшербаев, Мақсұт Әбдразақов, Көбейсін Исаев, Қожахмет Бекқожаев тағы да басқа іскер ұйымдастырушылар, өз ісіне берілген асыл азаматтардың аянбай еңбек етуіне байланыс­ты болды. Қонекең бұл кісілердің бәрін жоғары бағалап, әр істі шебер үйлестіріп отырды, өмірінің аяғына дейін солармен отбасылық қарым-қатынаста болды, бұл кейінгі­­­лерге аңыз етіп айтып отыратын үлгі-өнеге.

Қонекең көзінің тірісінде де, дүниеден өткен соң да мемлекет тарапынан да, халықтан да жоғары баға алып, көзден кетсе де көңілден кеткен жоқ. Соның дәлелі ескерткіш-мүсіннің орнатылып, ашылуы. Осыған байланыс­ты еске алу шараларының өткізілуі. Ескерткіш-мүсінді ашуға облыс әкімі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова арнайы келіп, жүрек жарды сөзін арнады. Қонекеңмен бірге қызмет атқарған замандастары, тәрбиесін көрген шәкірт­тері, отбасы, ұл-қыздары, неме­релері, туған-туыстары бәрі жиналып, шын көңілден шыққан ықыластарын білдіріп жатты. Қорытындылап айтқанда, осы ескерткіштің орнатылуы – халықтың баға­сы, елдің ықыласы.

Осындай тәрбиелік мәні бар іс-шара өткізіп, шоқтығы биік, жұлдызы жоғары, сыйлы қайраткерді ұлықтаған Сырдария ауданы халқына табыс, абырой тілеймін.

Алмагүл Божанова,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

25 наурыз 2021 ж. 767 0