Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданында Қонысбек Қазантаевтың ескерткіш-бюсті ашылды

Сырдария ауданында Қонысбек Қазантаевтың ескерткіш-бюсті ашылды

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданындағы сапары аясында мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың ескерткіш-бюстінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Шарада өңір басшысы қоғам қайраткерінің ел игілігі жолындағы еңбегін атап, құрметін жеткізді.

- Кешегі кеңестік дәуірде өзінің ерен еңбегімен ел дәстүріне бей-жай қарамай, елім, жерім деген, рухы биік қайраткерлер аз болмағаны белгілі. Солардың ішінде өзінің адалдық, әділдігімен, парасаттылығымен, адамгершілік игі қасиеттерімен ел аузында қалған мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың есімін айрықша атаймыз. Ол - 19 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, Солтүстік-Батыс, Балтық бойы майдандарында халықты жаудан азат ету жолында күрескен жауынгер. Соғыстан кейін ел басқару ісіне араласып, 1945-1963 жылдары Қармақшы, Шиелі аудандарында жауапты қызметтерде болса, 1963-1985 жылдары Сырдария, сол кездегі Тереңөзек, Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болды. Қонысбек Төрешұлы өзі басқарған аудандарда жаңашылдығымен, бастамашылдығымен ерекшеленді. Әсіресе, ауылшаруашылығын дамыту бағытында көптеген жобаларды жүзеге асырып, Сыр өңірінің ырысты да күрішті аймаққа айналуына өз қолтаңбасын қалдырды, - деді аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

Шарада сөз алған қайраткердің ұлы Ғанибек Қазантаев тұлғаның елге сіңірген еңбегін елеп, құрмет көрсеткен аймақ басшысына алғысын білдіріп, әкесі жайлы естелігімен бөлісті.

Қонысбек Қазантаев 1923 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы «Қызылжарма» Жамбыл атындағы колхозда дүниеге келген. Қоғам қайраткері 2-ші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Өмірінің 50 жылын еңбекке арнады. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Мәскеудегі ХХІІІ сьезіне делегат болып қатысты. Отыз бес жыл бойы аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық, облыстық Кеңестердің депутаты болып сайланды.
Қонысбек Төрешұлы «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 2 рет «Құрмет Грамотасымен» марапатталған.

18 желтоқсан 2020 ж. 601 0