Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық Кеңесінің Экологиялық комиссиясының отырысында қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жаратудың тиімді тәсілдері талқыланды

Халық Кеңесінің Экологиялық комиссиясының отырысында қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жаратудың тиімді тәсілдері талқыланды

Бүгін Қазақстан Халық Кеңесі Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің Экологиялық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Сарапшылар талқылауының негізгі тақырыбы қалдықтармен жұмыс істеудің барлық тізбектерінің тиімділігін арттыру болды. Комиссия жұмысына Ерлан Нысанбаев пен Табиғат Зейнұлқабден қатысты.

Күн тәртібінде қалдықтарды жинау және шығару жүйесінің жай-күйі, полигондардың белгіленген талаптарға сәйкестігі, қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту, сондай-ақ олардың қозғалысын цифрлық есепке алу мәселелері қаралды.

Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзілген. Оның 1,5 млн тоннасы немесе 30,7%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылған. Сонымен қатар еліміздегі 2 911 полигонның тек 577-сі (19,8%) ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді.

Алайда комиссия төрағасы Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұл полигондардың өзі де мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, қосымша талдау мен жүйелі пысықтауды қажет етеді. Әсіресе ауылдық жерлердегі қалдықтарды жинау және шығару инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз деңгейде болғаны, сонымен қатар көп жағдайда құрылыс қалдықтарынан тұратын рұқсат етілмеген стихиялық қоқыс үйінділері санының көбеюі алаңдаушылық туғызады.

Атырау облысындағы жағдайға да ерекше назар аударылды. Ерлан Нысанбаев өңір өкілдерінен жыл сайын өртке ұшырайтын жергілікті полигонның жай-күйі туралы ақпарат сұрап, бұл мәселені шұғыл шешу қажеттігін атап өтті. Осы проблемаларды шешу үшін ол әкімдіктер мен бейінді ведомстволарды бірлескен жұмысты жандандырып, Президент тапсырмаларын орындау аясында арнайы жобалардың тетіктерін пайдалану қажеттігіне тоқталды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен бейінді мемлекеттік органдардың ақпараты бойынша, қалдықтарды қайта өңдеу саласында мақұлданған 71 жобаның 34-і қаржыландырылған, ал 12-сі пайдалануға берілген.

Отырысқа қатысушылар қалған кәсіпорындардың іске қосылуына кедергі келтіріп отырған себептерді де талқылады. Олардың қатарында қаржыландыру, қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру, зауыттарды шикізатпен үздіксіз қамтамасыз ету және дайын өнімді, оның ішінде қайталама шикізатты өткізу мәселелері бар. Өңірлердің бұл жұмысқа тартылу деңгейі біркелкі емес екені атап өтілді. Осыған байланысты алдағы кезеңде қалалар мен ауылдарға сараланған тәсілді енгізу жоспарланып отыр.

Цифрландырудың табысты үлгісі ретінде Астана қаласында қалдықтардың қозғалысын есепке алу мен бақылауға арналған ақпараттық жүйенің пилоттық жобасы таныстырылды. Сарапшылар оны ауқымдау және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қоқыс шығаратын компаниялардың арнайы техниканың қозғалыс бағыттары, шығарылған және сұрыпталған шикізат көлемі туралы деректерді жүйеге енгізу міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігін атап өтті.

ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов та практикалық тәжірибесімен және ұсыныстарымен бөлісті. Ол халықты жүйелі ақпараттандырмай, орнықты экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалдықтарды тиімді бөлек жинау жүйесін жолға қою мүмкін еместігіне назар аударды. Спикер табысты тәжірибе ретінде ECO Network жұмысының нәтижелерін атап өтті. Алматы қаласында бастау алған бұл бастама сегіз жыл ішінде Қазақстанның 10 қаласын қамтып, бір реттік акциялардан экологиялық ағарту жұмыстарының толыққанды жүйесіне айналған.

Отырысқа бейінді министрлікпен қатар, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ өңірлік жобалық дирекциясының өкілдері, «Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшылығы және ECOJER қауымдастығының (Қазақстанның өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы) өкілдері қатысты.

Қостанай, Атырау және Жетісу облыстары әкімдіктерінің өкілдері баяндама жасап, өз өңірлеріндегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Өзге өңірлердің жергілікті атқарушы органдарының өкілдері отырысқа онлайн форматта қосылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия мүшелеріне жергілікті атқарушы органдармен және экологиялық бірлестіктермен бірлесіп, көтерілген мәселелерді жан-жақты пысықтау тапсырылды. 20 қарашаға дейін қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар пакетін әзірлеу қажет.

Аталған құжат Қазақстан Халық Кеңесі Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің кеңейтілген отырысының қарауына ұсынылады.
18 қараша 2026 ж. 20 0