Жүрек саулығы – басты назарда
Жүрек-қан тамырлары аурулары ұзақ уақыт бойы еш белгісіз дамуы мүмкін. Сондықтан артериялық қан қысымын, қандағы холестерин мен қант деңгейін тұрақты бақылау маңызды. Уақтылы диагностикадан өту, салауатты өмір салтын ұстану және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында медициналық көмек алу қауіпті асқынулардың алдын алып, жүрек саулығын сақтауға мүмкіндік береді. Жүрек ауруларының қауіп-қатерін қалай дер кезінде анықтап, өз денсаулығыңызды қалай қорғауға болатыны туралы көп бейінді облыстық аурухананың дәрігер-кардиологы Перизат Тұңғышбаевамен сұхбатында.– Қазіргі таңда жүрек-қан тамырлары ауруларының қандай түрлері жиі кездеседі және олардың дамуына қандай себептерәсер етеді?
– Жүрек-қан тамырлары ауруларының ең көп таралған түрлеріне жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, миокард инфарктісі, жүрек ырғағының бұзылуы және жүрек жеткіліксіздігі жатады. Негізгі қауіп факторларына темекі шегу, дене белсенділігінің төмендігі, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, тұз бен қантты шамадан тыс тұтыну, қандағы холестерин мен глюкоза деңгейінің жоғары болуы жатады.
Бүгінде жүрек-қан тамырлары жүйесінің бұзылыстары жас адамдар арасында да кездеседі. Атап айтқанда, энергетикалық сусындар мен құрамында кофеин көп өнімдерді шамадан тыс тұтыну жүрек жұмысына кері әсер етуі мүмкін.
– Қандай белгілерге назар аудару керек және қай жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет?
– Ең қауіпті белгілердің бірі – кеуде тұсының ауыруы немесе қысылуы. Әсіресе ауырсыну қолға, иыққа, арқаға, мойынға немесе төменгі жаққа таралса, бұл алаңдатарлық белгі. Сондай-ақ ентігу, суық тер шығу, кенеттен әлсіздік, бас айналу, жүрек айну және жүрек соғысының бұзылуы да қауіпті белгілерге жатады. Кейде жүрек ұстамасы әдеттен тыс белгілермен, мысалы, іштің жоғарғы бөлігіндегі жайсыздық немесе ашып ауыру түрінде байқалуы мүмкін. Кеуде тұсы кенеттен қатты ауырса, айқын ентігу, есінен тану немесе жағдайдың күрт нашарлауы байқалса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет.
Аяқтың ісінуі, тез шаршау, аздаған физикалық жүктеменің өзінде ентігу сияқты белгілерді де елемеуге болмайды. Олар жүрек ауруларының белгісі болуы мүмкін.
– Ешқандай шағымы болмаса, адам жүрек саулығын қаншалықты жиі тексертіп тұруы керек?
– Белгілердің болмауы адамның толық сау екенін білдірмейді. Мысалы, артериялық гипертензия ұзақ уақыт бойы еш белгісіз өтуі мүмкін. Сондықтан жас ерекшелігі мен қауіп факторларына сәйкес профилактикалық тексерулер мен скринингтерден тұрақты өтіп тұру маңызды. Ең алдымен артериялық қан қысымын, қандағы холестерин мен глюкоза деңгейін бақылау қажет. Медициналық көрсетілімдерге сәйкес дәрігер электрокардиография және басқа да зерттеулерді тағайындайды.
Айта кетейін, 2026 жылдан бастап елімізде артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруына арналған скринингтік зерттеулер сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында қолжетімді.
Ең бастысы – ауыр асқынулардың пайда болуын күтпеу. Ауру немесе қауіп факторлары неғұрлым ерте анықталса, оның алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
– Жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттерге ТМККК және МӘМС аясында қандай медициналық көмек көрсетіледі?
– Шұғыл және жоспарлы медициналық көмекті ажырата білу маңызды. Өмірге қауіп төндіретін жағдайларда, соның ішінде миокард инфарктісіне күдік туындаған кезде, шұғыл медициналық көмек сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.
2026 жылдан бастап жіті миокард инфарктісі алғашқы алты ай ішінде ТМККК аясында медициналық көмек көрсетілетін әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесіне енгізілді.
Ал МӘМС жүйесі мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті алуға мүмкіндік береді. Сақтандырылған пациенттер медициналық көрсетілімдерге сәйкес бейінді мамандардың консультацияларын, диагностикалық зерттеулерді, жоспарлы стационарлық емді, тиісті аурулар бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді және медициналық оңалтуды ала алады.
– Облыстық ауруханада жүрекке қандай жоғары технологиялық оталар жасалады және олардың құны қанша?
– Пациенттің диагнозы мен жағдайына байланысты коронарлық ангиография, коронарлық артерияларды стенттеу, аортокоронарлық шунттау, электрокардиостимуляторлар мен кардиовертер-дефибрилляторларды имплантациялау сияқты оталар жүргізіледі.
Мұндай медициналық араласулардың құны бірнеше миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мысалы, коронарлық ангиографияның құны шамамен 1,7 млн теңгені, ал электрокардиостимуляторлар мен кардиовертер-дефибрилляторларды имплантациялау құны шамамен 9,5 млн теңгені құрайды.
Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда мұндай жоғары технологиялық медициналық көмектер сақтандырылған азаматтарға МӘМС аясында тегін көрсетіледі.
– Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін әр адам бүгіннен бастап не істей алады?
– Аурудың алдын алу күнделікті әдеттерден басталады. Темекі шегуден бас тарту, дене салмағын бақылау, көбірек қозғалу, дұрыс тамақтану, тұзды, қантты және қаныққан майларды шектеу, алкогольді шамадан тыс тұтынбау қажет.
Дене белсенділігі міндетті түрде қарқынды жаттығуларды қажет етпейді. Күнделікті жаяу жүру, таңертеңгілік жаттығу жасау және қозғалыс белсенділігін біртіндеп арттырудың өзі пайдалы.
Артериялық қан қысымын тұрақты өлшеп, холестерин мен қант деңгейін бақылау, профилактикалық тексерулерден өту және дәрігердің ұсынымдарын сақтау маңызды.
Жүрек саулығы – тек ауырсынудың болмауы емес, ол өз ағзаңа күнделікті қамқорлық жасаудан басталады.
– Сұхбатыңызға рақмет!










