Молшылық мерекесі
Алаштың анасына айналған Сыр диқандары ала жаздай еңбек етіп, күз мезгілінде тоқшылықтың тойын думандатады. Әр жылы Жер-Анадан ризығы мен несібесін молынан терген еңбеккерлер ауылшаруашылығы өнімдерімен түгел халықты қамтамасыз етіп, ризашылыққа бөленеді.
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, диқандар жаз жайбарақат жүрмей, маңдай терін егіннің бітік шығып, дақылдың мол болуына арнайды. Ал ысырап қылмай жинап алған өнімді берекелі күз айында халыққа базар бағамынан бірнеше пайызға арзан етіп ұсынады. Көпшілік жергілікті өнімді көтере сатып алып, қыстан қысылмай шығуға тырысады. Осы ретте ауданда ауылшаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сырдариялық шаруалардың дәмі тіл үйірген өнімдері аудан халқына ғана емес, облыс тұрғындарына да жеткізіледі.
Әр жыл сайын аудан еңбеккерлері өз өнімдерін облыс орталығындағы Жанқожа батыр көшесі, «Реалбаза» алдында көпшілікке ұсынады. Бұл үрдіс қанша жылдан бері дәстүрлі түрде жалғас тауып келеді.
Айта кетейік, былтыр біздің ауданымыз агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Үздік аудан» атанған болатын. Аудан халқының ортақ қуанышын облыс әкімі «Алтын дән» мерекесіне орайластырылған салтанатты іс-шарада аудан әкіміне табыстаған еді. 2022 жылы астықты өлкедегі еңбексүйгіш шаруалар су тапшылығының қиындықтарына қарамастан мол өнім алған болатын. Сырдария ауданының бұл лайықты марапатты бірінші рет алуы емес еді. Тәуелсіздіктің жиырма төртінші жылы, яғни 2015 жыл аудан халқы үшін табысты жыл болып, облыс бойынша «Үздік аудан» аталымын иеленген. Айта кетейік, 2013, 2014 жылдары ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары көрсеткішке жетіп, облыстың озат ауданы атанған Сырдария 2015, 2016 жылдары егін шаруашылығы саласында үздік жетістікке жетіп, үздіктер көшін бастаған. Бұл аудан еңбеккерлерінің атаулы еңбегі, халықтың мерейі, ортақ абыройы болды. Бүгінде төрт жыл қатарынан ауданның жеңіп алған «Үздік» номинациясы мен былтырғы қол жеткізген жетістіктің дәлеліндей болған арнайы дипломдары аудандық Еңбек даңқы музейінің арнайы залында сақтаулы тұр. 2013 жылы аудан еңбеккерлері 29603 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, оның ішінде 17920 гектар жерге күріш еккен. Оның әр гектарынан 51,3 центнер өнім алып, аудан қамбасына 91930 тонна Сыр салысы құйылған. 2015 жылы аудан диқандары 29 878 гектар жерге ауылшаруашылығы өнімдерін ексе, Сыр салысының әр гектарынан 55 центнер өнім алып, қамбаға 1 миллион центнер астық құйған. Ал былтырғы 2022 жылы аудан егілген 20 728 гектар күріштің әр гектарынан 64 центнерден өнім алуды қамтамасыз еткенін айта кетейік.
Әр жылдары облыс орталығына жаз бойы жиған-тергенін артынып-тартынып аудан еңбеккерлері барып, өз өнімдерін облыс халқына ұсынады. Бұл айтулы мереке «Алтын күзбен» және облыс мерейтойымен тұспа-тұс келеді. Биыл Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Тарихы терең туған жерге тартуын дала диқандары биылғы жылы да молынан қамдауда. Жылдағы дәстүр биыл да өз жалғасын таппақ. Сонымен қатар, әр жылдары елордамыз Астана қаласына да Сыр-Ананың ризығын артқан көліктер легі ағылып, арнайы жәрмеңкеде Елорда тұрғындарына тарту етіледі. Дала диқандарының мерейі тасып, астықтан тау тұрғызар сәт те жақын қалды. Ендеше Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойы құтты, берекелі болсын деп тілек білдіргіміз келеді. Ал дәл қазіргі күні ала жаздайғы еңбектің нәтижесін халыққа ұсыну барысында өнімді еңбек етіп жүрген еңбеккерлерге «қырман тасысын» демекпіз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ