Үздік ауданның қала тұрғындарына тартуы

Облыс орталығында «Алтын дән» мерекесі өтіп, егінжай ерлері марапатталғаннан кейін жылдағы үрдіс бойынша жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл жәрмеңкенің өткізілуі қала күні мерекесімен де тұспа-тұс келді. Осыған орай, үздік ауданның еңбеккерлері қала тұрғындарына тарту жасап, ауыл шаруашылығы өнімдерін нарық бағасынан арзан сатылымға шығарды. Қызылорда қаласындағы Жанқожа батыр көшесі, «Реалбаза» аймағында өткізілген жәрмеңкеге келушілер қарасы қалың болды.
Жалпы, молшылық мерекесіне ауданнан 54 көлікпен 30 түрлі ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Атап айтқанда, жәрмеңкеде 15 тонна ақ күріш, 17 тонна жем, 15,5 тонна картоп, 21 тонна жуа, 8 тонна сәбіз, 13 тонна асқабақ, 350 литр сүт, айран, қымыз, 100 келі балық және ет өнімдері, бақша дақылдары мен көкөністер, нан өнімдері, мал азығы болатын жоңышқа, шөп престер нарық бағасынан әлдеқайда арзан сатылды. Барлығы 22 млн теңгені құрайтын 170 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері түске дейінгі уақытта өтіп кетті.
Молшылық тойында қала халқының бақша өнімдеріне деген сұранысы өте жоғары болды. Әсіресе, қауын-қарбыз, картоп секілді бақша дақылдарын қаптап тасығандар көп кездесті. Одан бөлек, Сырдың басты дақылы – күрішті кезекке тұрып алғандар қарасы да қалың болды. Бұл жәрмеңкеде қыстық азығын қамдаған қала тұрғындары өздерінің ризашылықтарын жеткізді.
– Халқымыз «Қос тойың қабат болсын» деп жатады. Сол айтқандай, Қызылорда қаласының күні, еңбеккерлердің «Алтын дән» мерекесі құтты болсын. Осы мерекелерге орай жыл сайынғы дәстүрмен жәрмеңке өткізіледі. Біз жәрмеңкені асыға күтеміз. Өйткені, қыстық азықты осындай молшылық мерекесі кезінде қамдап алатынымыз жасырын емес. Сондықтан Сырдария ауданының еңбеккерлері биыл да мол өнімді қала халқына әкеліп жатыр. Жаз бойына тынымсыз еңбек еткен еңбеккерлерге алғысымыз шексіз. Осындай игі іс-шаралар жиі ұйымдастырыла берсін, – деді қала тұрғыны Г.Мығымбаева.
Айта кетейік, жәрмеңкеде қызылордалықтарға аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Е.ЖАППАРБЕК