Ауылына қарап азаматын таны
Редакцияның есігі газет оқырмандары мен тұрғындар үшін әркез ашық. Бұл – журналистер жұмысының ашықтық пен жариялыққа негізделгенін білдіреді. Өткен аптада редакциямызға өзін Ақжарма ауылының тұрғынымын деп таныстырған Серік Тілеубаев есімді азамат бас сұқты.
Ақжармалық азамат әуелі тілші Балтабай Ордабековпен кездесіп, басылым арқылы ауыл жаңалықтары ақпараттандырылса деген ұсынысын білдіріпті. Тілші бұл ұсынысты құп алып, міндетті түрде мақала әзірленетінін, бұған дейін де Ақжарманың жаңалықтары жарияланып келе жатқанын айтып, осы орайда бас редакторға да кіріп, ауылдың жанашыр азаматтарына деген ризашылығыңызды жеткізсеңіз деп ой қосыпты. Сөйтіп, екі азаматты қабылдап, жақсы бір әңгіменің тиегін ағытудың мүмкіндігі туды.
– Газеттеріңіздің тұрақты оқырманымын, – деп бастады елуді еңсеріп қалғандай көрінген ашық-жарқын дауысты азамат.
– Келіңіз, төрге өтіңіз, – деп қарсы алдық.
Айтуынша, ауылдың жанашыр азаматтарының тіректі елдің мекеннің тыныс-тіршілігінің алға басуында еңбегі зор екен. Әсіресе, ірі екі шаруашылықтың төрағасы Марат Бисенов пен Қайрат Нұрсейітовтің еңбегі орасан. «Екеуі де ауылдың нағыз патриоттары, ауыл халқының қолдаушылары» дейді ол.
– Ауылымыздың жағдайы өздеріңізге жақсы таныс. Салыстырмалы түрде алғанда біздің елді мекен өзге ауылдарға қарағанда көш ілгері. Барлық көшеде жол бар, жарық та кіреберістен бастап жарқырап тұр. Осы орайда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші ауыл инвесторларына алғыс айтқым келді. Оны көзбе-көз, жүзбе-жүз айтып та жүрміз ғой. Бірақ, газет арқылы да пейілімізді білдіруді жөн көрдік. Өйткені, газетте жарияланған мақаланы көп адам оқиды. Осы оймен аудандық газет редакциясына арнайы келіп қалдым. Сіздерге шығармашылық сәттілік тілеймін, жақсы жаңалықтардың жаршысы болуларыңызға тілектеспін, – деді Серік Тілеубаев.
Иә, қазір ауылдардың алға басуы үшін көп жұмыс атқарылуда. Оның ішінде Ақжарманың да өзге ауылдарға үлгі етер жақсы, жүйелі істері көп. Ауыл әкімдігінің үйлестіруімен биыл аяқсу мәселесі де оңтайлы шешілді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары есік алдына бау-бақша егіп, оның жемісін де татып үлгерді. Мұның бәрі оңай шаруа емес. Алдағы уақытта да осы жұмыстар жалғасып, насостар орнатылып, арналар ашылып, тұрғындар игілігі үшін көп іс атқарылмақ.
Ауыл әкімі Е.Ешмұратовтың айтуынша, есепті кездесулер мен жеке қабылдауларда тұрғындар тарапынан түскен бірде-бір ұсыныс назардан тыс қалмайды. Тұрғындардың ұсыныс-пікірі жан-жақты зерттеліп, зерделеніп, бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешіледі немесе демеушілер көмегімен-ақ реттеледі. Жанашыр азаматтар ауылдың дамуына атсалысудан ешқашан тартынған емес. Әсіресе, қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысып, мұқтаж отбасыларды қуантып келеді. Бұл да ауылдың бекем бірлігінің, көркем тірлігінің көрінісі іспетті.
Бізбен кездесу барысында ақжармалық Серік Тілеубаев ауылдағы екі ірі шаруашылықтың қолдауымен жем-шөп мәселесі де реттеліп жатқанын, сондай-ақ жыл көлемінде қайырымдылық іс-шаралары да тұрақты ұйымдастырылатынын айтты. Ауылдың санитарлық тазалығы, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына тұрғындардың көзқарасы оң екенін жеткізді. Ауыл азаматтарының еңбегін жоғары бағалап, М.Бисенов пен Қ.Нұрсейітовтің еңбегіне жеміс тіледі. Бірі облыстық, екіншісі аудандық мәслихат депутаты болып табылатын азаматтарға халықтың алғысын алудан артық қандай бақыт бар деп ойымызды түйіндегіміз келеді. Бәлкім, елге еткен еңбектің еленгені, халықтың оң баға беруі деген осы шығар. Бұл – жанашыр азаматтардың өздері өсіп-өнген туған жерге деген сүйіспеншілігін, құрметін нығайтуға негіз болары сөзсіз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ