Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы!

Аудан әкімінің құттықтауы!

Ардақты ағайын!

Құрметті аудан тұрғындары!

Баршаңызды егемен еліміздің ең басты мерекесінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – халқымыз үшін ең қастерлі де, қасиетті ұғым болса, сол ұғымның түпкі негізі – мемлекеттің біртұтастығына тікелей байланысты. Ал, Ата Заң – мемлекеттің іргетасын бекітумен қатар әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының бас­ты бағдары. Сондықтан дана халқымыз «Заң бар жерде тәртіп те, тәрбие де, тағылым да бар» деп бекер айтпаған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ата Заңымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі» деп атап өтті. Сондықтан басты құжат ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез-келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі сая­си тұрақтылықты және қарқынды дамуымызды қам­тамасыз етеді.     

Егемендікке қол жеткізген 30 жылдан аса уақыт ішінде қасиетті Сыр елі, оның ішінде құт қонып, бақ дарыған Сырдария ауданы кемел келешекке, өрлеу мен өркендеуге бет бұрды. Ауданның экономикалық-әлеуметтік бет-бейнесі қалыптасып, нығаю үстінде. Мемлекет қаржысы есебінен салынған әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салтанатты түрде пайдалануға берілуде. Бірлігі жарасқан аудан халқының игілігі үшін жасалатын мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Ең бастысы, осындай өміршең істердің бастауында біздің Ата Заңымыз және Заңға бағынатын, тәртіпке бас иетін халқымыз тұрғанын атап өтуіміз қажет.

Құрметті қауым!

Конституциямызға құрмет көрсету – ел тұрғын­дарының бұлжымас парызы. Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтап, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Құрметпен,
Берік Сәрменбаев,
Сырдария ауданының әкімі
Фото: ашық дереккөзден
30 тамыз 2023 ж. 186 0