«Берекеттің» шаруасы берекелі

– Соңғы жылдары егін егу саласындағы қиындықтарды өздеріңіз білесіздер. Дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен егінге су жеткізіліп, күтімге алынды. Осындай қолдау барда ауызбіршілікпен еңбек ету керек. Елде бірлік болса, шаруашылық жұмысы жанданады, елді мекен өркендейді, халықтың жағдайы жақсарады, – деген аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы шаруашылық еңбеккерлеріне егінді ысырапсыз жинап алып, мерейлерінің үстем болуына тілек білдірді.
Өткен жылдан бастап егін егуді қолға алған шаруашылық еңбеккерлері 220 гектар жерге күріш орналастырған. Биыл екінші рет егін жинау науқанына кіріскелі отыр. Шаруашылық агрономы Алмат Ахметов мұнда 40-қа жуық адам еңбек ететінін, егін жинау жұмыстарына дайын екендіктерін жеткізді.
Одан бөлек, шаруа қожалықта 55 гектар жерге жаңа жоңышқа егілсе, 40 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Бүгінде 40 гектар ескі жоңышқаның ІІ орымынан 120 тонна мал азықтық шөп жиналған.