Байқау жеңімпаздары марапатталды

Мәселен, осы айда «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қоры аудан жастары арасында «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» тақырыбында мақалалар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармаларды бағалау мақсатында құрылған комиссияның төрағасы ретінде ұсынылып, бұл жұмысты комиссия мүшелерімен бірге талдап, бағалауға үлесімді қостым.
Комиссия құрамында «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаровпен және аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ернар Зұлқарнаев болды. Ақылдаса келе, аудандық байқаудың жеңімпазы атанған талапкерлердің шығармасын аудандық газетте жариялауды жөн көрдік. Мақсатымыз – жұртшылыққа сыбайлас жемқорлық қылмыстарының соңы өкінішпен аяқталатынын түсіндіру, Әділетті Қазақстанның негізін адал азаматтар қалыптастыратынын жеткізу.
Бүгін аудандық газеттен арнайы айдар ашылып, шығармашыл жастардың туындыларына орын беріліп, аудандық байқаудың қорытындысында І, ІІ, ІІІ орын иегері атанған талапкерлердің шығармалары жариялануда. Бұл жолы байқаудың І орны студент А.Өтепбергенге, ІІ орны журналистика саласынан жақында ғана мемлекеттік қызметке ауысқан Е.Беркінбаевқа, ІІІ орны мемлекеттік қызметші Ұ.Мұхамбетқалиқызына бұйырды. Сондай-ақ екі ынталандыру сыйлығы беріліп, оны шағандық А.Балманова мен А.Тоқмағамбетов ауылының белсенді жасы А.Бекболатова иеленді. Терең білімді, ұшқыр ойлы оқырман жеңімпаздардың шығармасына өз бағасын береді деп сенеміз және байқау жеңімпаздарын құттықтаймыз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ