Қарқын алған құрылыс
Тамыздың екінші жексенбісі елімізде құрылысшылардың төл мерекесі ретінде аталып өтіледі. Сырдариялық құрышқол құрылысшылар мен сала мамандары биыл да жылдағыдай мерекені көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алуда. Салада оң өзгерістер мен қарқынды жұмыстар көп және оның бәрі аудан халқының игілігі үшін атқарылып жатыр.
Биыл ауданда жалпы көлемі 3,7 млрд теңгені құрайтын 11 жобаға 2,5 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, электрмен жабдықтау мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары аясында Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерін электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталып, нысандар қабылданған. Аманкелді елді мекенін электрмен жабдықтау жұмысы тамыз айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ал, ауыз су құбыры желісінің құрылысы бойынша демеушілік есебінен әзірленген Шаған, Қоғалыкөл елді мекендеріндегі 8 көшенің ауыз су құбыры мен көру құдықтарының құрылысы жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Осыған орай «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында биылға республикалық бюджеттен 245,8 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінде жеңімпаз мекемелермен құрылыс жұмыстары басталған.
Сонымен қатар инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бойынша Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ауданның ауыз су және электр желісінің құрылыс жұмыстары 2018-2020 жылы жүргізілген. Биыл құны 1,1 млрд теңгені құрайтын қиыршық тас жолының құрылысы жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен 347,9 млн теңге қаржы қаралып, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары басталған. Құрылыс 2023-2025 жылдар аралығында жүргізілетін болады. Аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін әрқайсысы 10 сотық болатын 592 жер телімі ашылып, жер кезегінде тұрған азаматтарға табысталатын болады.
Ауданда спорт нысандарын салу да қарқынды түрде жүргізілуде. Келісім-шарт құны 362,5 млн теңгені құрайтын Бесарық елді мекеніндегі спорт кешені құрылысына облыстық бюджет есебінен бағытталған 144, 2 млн теңге былтыр игерілсе, биыл 218,2 млн теңге қаржы бөлініп, мердігер мекеме «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, Жетікөлде үш бөлмелі екі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Құрылыс осы айдың соңына дейін аяқталып, баспана кілті алдағы уақытта тиісті отбасыларға табысталмақ.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан жыл басынан бері 513 мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Бұл туралы бізге бөлім басшысы Алмат Берікұлы айтып, толыққанды ақпарат берді.
– Көрсетілген мемлекеттік қызметтерді нақтылап айтар болсам, 76 қызмет халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы, 437 қызмет «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы көрсетілген. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын әзірлеу жұмыстары бойынша «www.elicense.kz» порталы арқылы 178 сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленген. «Мекен-жай тіркелімі» ақпараттық жүйесі бойынша барлығы 76, «Электронды үкімет» веб-порталы бойынша 93 мекен-жайын айқындау жөнінде анықтама берілді. Сондай-ақ 140 эскиздік жобаға келісім берілсе, оның 13-і – кәсіпкерлік нысандар, 127-і – тұрғын үй құрылысы. Мұнан бөлек объектілерді кейіннен кәдеге жарату (құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру бойынша бөлімге 43 өтініш келіп түсіпті. Сәйкесінше, 19 тұрғын емес үйжайлар, 74 тұрғын үй объектілерінің пайдалануға қабылдап алу жөніндегі актілері есепке алынған, – деген бөлім басшысы ауданның құрылыс саласында алдағы уақытта да қарқынды жұмыстар жүргізіле беретінін айтты. Сонымен қатар сала ардагерлері мен мамандарды, құрылысшыларды төл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Бізде сала өкілдерін құттықтап, аудан ажарына ажар қосып, кент пен ауылдық округтердің келбетін көркейту бағытындағы жұмыстарына сәттілік тілейміз!
Ақтөре Ибрагимұлы