Тәтті тоқаштар – Тереңөзекте

Негізінен, Мадияр Балтабаев өткен жылы шағын наубайхана жұмысын қолға алған болатын. Қазір наубайханада 2 адам жұмыспен қамтылған. Күніне 400-500 дана нан пісірілетін наубайхана иесі кәсібін кеңейтуге мүдделі. Себебі, «қолы алтын» мамандардың пісірген нанына көпшілік сұранысы жоғары. Мәселен, олар бөлке нан, тоқаш, батон, таба нан пісірумен айналысады. Тәтті нан өнімдерін тойға тапсырыс ретінде беретін жандар аз емес. Әрине, сапа бар жерде сұраныс та жоғары болады. Жас кәсіпкер тынымсыз еңбектің арқасында көпшіліктің талғам үдесінен шығу үшін барын сала бермек.
– Мен отбасында 2 ағайындымын. Осыдан 28 жыл бұрын Тереңөзек кентінде дүниеге келдім. Уақытында Қызылорда заң колледжінде және «Ақмешіт» институтында экономика саласы бойынша білім алдым. Қаржы бағытын тереңнен игергендіктен, кәсіпті түрлендіру қиындық соқтырмады. Алдағы уақытта шағын наубайхана жұмысын ұлғайтып, тәтті өнімдерімізді көпшілікке ұсынғым келеді. Бұл ретте, ата-анамның қолдауы ерекше. Ел-халықтың алғысына бөлену – басты міндетіміз, – дейді жас кәсіпкер.
Өз кезегінде жас кәсіпкер Мадияр Балтабаевтың алдағы жұмысына сәттілік тілейміз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ