Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР СЕРВИСТІК КЕШЕН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

АРАЛ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР СЕРВИСТІК КЕШЕН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ


Арал ауданы аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойындағы Сапақ елді мекенінде жаңа «С» санатты сервистік қызмет көрсету кешені ашылды.
    Соңғы уақыттарда жол бойындағы сервистік қызмет көрсету жергілікті халықтың әлеуетін көтеруге зор септігін тигізуде. Осы тұрғыда аудан аумағынан өтетін күре жол бойынан барлығы 5 сервистік қызмет көрсету нысандарын салу жоспарланса, бүгінгі таңда үшінші нысан іске қосылып, жеке кәсіпкер Гүлзия Елешованың «444» сертистік кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
    Салтанатты шараға Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, кәсіп иесіне сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді.
    Айта кетеу керек, жеке кәсіпкер Г.Елешованың эскиздік жобасы 2016 жылдың қараша айында облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінде мақұлданып, кәсіп иесіне 2017 жылдың ақпан айында ауданға қарасты Сапақ ауылдық округі әкімдігі тарапынан тиісті жер учаскесі табысталып, мамыр айында «Сервистік қызмет көрсету нысанының» құрылыс монтаждау жұмыстары басталған болатын.
    Жалпы жоба құны 60 млн теңгені құрайтын кешенді толығымен іске асыру мақсатында кәсіпкер былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 10 млн теңге несие алған. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында алынған несиенің пайыздық мөлшерлемелері субсидиялануда.
    Бұл кешенде сыйымдылығы 50 адамға арналған қоғамдық тамақтау орны, азық-түлік дүкені, қонақ үйі, жүк және жеңіл автокөліктерге арналған автокөлік тұрағы қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, кәсіп аясында қазіргі таңда 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған болса, қосымша маусымдық кезеңдерде 25 адамға дейін жұмыс орындары ашылмақ.
22 қаңтар 2018 ж. 1 251 0