Тариф тағы қымбаттайды
Кент мәдениет үйінде «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің тұтынушыларды электр энергиямен жабдықтау қызметі бойынша электр энергиясының тұтынушыларға бөлшек сауда нарығында сатылу тарифтеріне байланысты жария тыңдау өткізілді.
Аталған жиынға ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Егембергенов, «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің директоры Қалмырза Қасымов, аудандық электр торабының директоры Нұрлыбек Кәкім, «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің аудандық филиалының директоры Бауыржан Ақжайларов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жиында сала мамандары жарық бағасының өсуінің негізгі себептеріне тоқталды. Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Егембергенов электр энергиясы бағасының неліктен қымбаттайтынын түсіндірді.
– «ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің» 124-6-бабында Табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның қоғамдық маңызы бар нарықтар саласындағы құзыреті айқындалған. Осы орайда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2017 жылғы 1 ақпандағы №36 бұйрығымен бекітілген қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларының талаптары нақтыланған. Осыған сәйкес, алдағы уақытта реттелетін қызмет бағаларының көтерілетіні туралы ақпаратты қарау кезінде жария тыңдаулар міндетті түрде өткізіледі. Электр энергия тарифтерінің өзгеруінің негізгі себептері ҚР Энергетика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы №192 бұйрығына сәйкес, 2023 жылғы 1 маусымынан бастап энергия өндіруші станциялардағы электр энергиясы құнының 4,5 пайыздан 29,5 пайызға дейін, электр энергиясын тасымалдау тарифтерінің «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ-ның 16,2 пайызға, жабдықтаушы үстеме ақы мөлшерінің 1кВт.сағатқа 0,88 теңгеден 1,15 теңге артуы болып табылады. Осыған байланысты «Шиелі Жарығы» ЖШС-і 2023 жылдың 19 маусымында электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасының алдағы уақытта көтеру туралы ақпаратты ұсынды. «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің электрмен жабдықтау қызметінің жобалық орташа босату бағасы қолданыстағы ҚҚС-сыз 1 кВт.сағ 19.14 теңгенің орнына ҚҚС-сыз 1 кВт.сағ 22,12 теңгені құрады.Немесе 15,6 пайызға өзгеріп отыр. Осы күні департамент тарапынан бағалардың өзгеруін негіздеуге ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізілуде, – дейді департамент басшысы.
Өз кезегінде «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің директоры Қалмырза Қасымов алдағы уақытта орын алатын өзгерістерге байланысты мәлімдеме жасады.
– «Шиелі Жарығы» серіктестігі – энергиямен жабдықтаушы ұйым. Қазіргі уақытта мекемеміз аймағымызға қарасты Шиелі, Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы, Жалағаш аудандарының тұтынушыларын электр энергиясымен жабдықтау қызметімен айналысады. Серіктестік ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, электр энергиясын энергиямен жабдықтау ұйымдарының бөлшек саудада өткізуі қызметі бойынша қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі екенін айта кетейін. Жалпы, «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің қызмет көрсету аумағы Сырдария ауданы бойынша 10 елді мекенді қамтиды. Негізінен, 29020 тұрғын біздің қызметті тұтынады. Сонымен бірге 6300 жеке және 402 заңды тұлға бар екенін айта кетейін. Бұл ретте, энергия өндіруші ұйымдарының тарифтерінің өсу динамикасы қалыптасқан. Алдағы уақытта тарифті жоғарылату арқылы қызметкерлердің жалақысын көтеру, тозығы жеткен станцияларды жаңалау, басқа да шығындарды азайту үшін нақты шешімдер қабылданбақ. Сондықтан тариф бағасының өсіміне алаңдауға негіз жоқ. Мұның бәрі мекемеміздің электр энергиясын тұтынушыларына сапалы қызмет көрсету мақсатында қабылданып жатқан шешімдер, – деді «Шиелі Жарығы» ЖШС директоры.
Кездесу соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев өз ұсыныстарын сала басшыларына жолдады. Тиісті салаға жауапты мамандар көпшілікке қосымша ақпарат берді.
Айта кетейік, жария тыңдау ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету бағытында әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфирде де жүргізілді. Алайда, желі қолданушылары тарапынан ұсыныс түскен жоқ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ