Бақытты бала – бақытты қоғам
Балалардың жазғы демалысын, бос уақытын тиімді өткізу маңызды. Осы ретте аудандық оқушылар үйінің жетекшілері аудан көлемінде ұйымдастырылған балалар тынығу лагерлерінде арнайы іс-шаралар өткізіп, демалушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Оқушылар үйі жанынан құрылған он тоғыз үйірме жазғы демалысты балалар үшін тиімді өткізуге барын салды. Жетекшілер «Жалын» тынығу лагері, №210 мектеп, №36, №35 мектеп-лицейлеріне бөлініп, көңілді іс-шаралар ұйымдастырды. Оның ішінде, «Қалдық заттармен жұмыс», «Жапсырма», «Ән», «Квиллинг», «Бейнелеу өнері», «Драма», «Ою-өрнек», «Дойбы», «Шахмат» үйірмелері «Жалын» тынығу лагерінің тынығушыларымен бірлесе жұмыс атқарды. Үйірмеге оқушылар белсене қатысып, өз өнерлерін шыңдай түсті.
Ал Оспан Әбілпаттаев атын иеленген №210 мектеп лагерінде «Бояулар сыры», «Оригами», «Архимед» үйірмелері жұмыс жүргізіп, «Жеті арал» іс-шарасын өткізді. №36 Әбілдә Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі жанынан құрылған «Айгөлек» тынығу лагерінде үйірме жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Лагерь ханзадасы мен ханшайымы» сайысы өтті. №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі жанынан құрылған «Балдырғанда» «Көңілді сәт», «Екі жұлдыз» көңілді сайыстары өткізілді. Түрлі бағыттағы іс-шараларға жүздеген оқушы қатысып, ерекше әсер алды. Сондай-ақ сайыстардың жеңімпаздары диплом және естелік сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар оқушылар үйінің мамандары аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, «Балалар күні» мерекесіне орай ауқымды іс-шара өткізіп, балаларға қуаныш сыйлағанын айта кеткеніміз орынды.
– Бала – біздің болашағымыз. Бүгінгі ақпарат пен ғаламтор желісі, техника мен технология дамыған заманда балалардың уақытын тиімді өткізудің маңызы зор. Бұл алдыңғы буынға жүктелген міндет деуге де болады. Оқу жылын аяқтаған оқушылар жазғы демалысқа шықты. Осындай кезеңде олардың уақыттарының зая кетпеуі маңызды. Осы бағытта, яғни жазғы демалыстағы жасөспірімдердің өз уақыттарын тиімді пайдалануы үшін аудандық оқушылар үйі жанынан құрылған үйірмелер жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әр оқушының өзіндің қабілеті, талғамы бар. Сол себепті олар аудандық оқушылар үйіне келіп, өздерінің қабілетіне сай үйірмелерге қатысуда. Келешек ұрпақты кемел болашаққа бастар тәрбие беру жолында аянбай еңбек ете бермекпіз, – дейді аудандық оқушылар үйінің директоры Әділбек Бәйменов.
«ТТ» ақпарат