Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас келсе – іске

Жас келсе – іске

Кәсіпкерлік – ел экономикасын дамытушы бірден-бір күш. Мемлекет кәсіппен айналысып, еңбек етемін деген адамға түрлі қолдау шараларын ұйымдастырып ке­­ле­ді. Түрлі кәсіптің жан-жақ­ты жандануы бір жағы­нан жұмыссыздар санын кеміт­се, екіншіден тұрғындарға қолайлы жағдай туғызуда. Осы ретте кәсіпкерлік саласын дамыту жайы Мемлекет басшысының назарынан ­тыс қалған емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ха­лыққа Жолдауында кәсіпкерлік саласын басынан бастап реттеу керегін айтып өткен болатын. Еңбек адамына құрмет көрсетіп, кәсіпкерлерге жағдай жасау қажеттігіне де тоқталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біршама жұмыстар біздің ауданда да атқарылып келеді. Ауданымызда түрлі бағыттағы халыққа қызмет көрсететін орталықтар іске қосылуда. Бұл бір жағы­нан кәсіпкерлікті дамытса, екіншіден ауда­нымыздың гүлденіп, қажеттіліктің бар­лығын қалаға бармай-ақ ауданнан табуға жол ашуда. Әсіресе, жастар жағы еңбекке етене араласып, мемлекеттік бағдар­ла­малар аясында өз кәсіптерін жандандыруда.

Осы ретте аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандағы жас кәсіпкерлермен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Ауданда түрлі бағдарлама игілігін көріп отырған жас­тар баршылық. Жастар арасында кәсіп­керлік қарқынын арттыру – бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі. Аудан әкімінің жас кәсіпкерлермен кездесуі еркін форматта өтіп, қатысушылар емін-еркін пікір алмас­ты. Аудан әкімі ауданның жастар саясатына қолдау жасап жүрген жас кәсіпкерлерге алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына сәт­тілік тіледі.

– Мемлекет басшысы «Барлық жастарды қолдауға, озық идеялар мен бизнес бастамаларын іске асыруға және қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жа­сауға тиіспіз» деп бүгін мен болашақтың жүгін сеніммен жүктеді. Мұны ортақ мүдде деп қарастыруымыз керек. Ел ертеңі – жастарға тиесілі. Еліміздің әлеуметтік дамуы жолында жастардың ықпалы қашанда үстем. Мемлекет басшысының бастамасымен бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жастардың жобаларын жү­зеге асыру үшін жеңілдетілген шағын несиелер мен мемлекеттік гранттар берілуде. Осы орайда, өңірімізде жастарды қолдауға, озық идеялар мен бизнес бастамаларын іске асыруға бағытталған нақты іс-шаралар қолға алынуда. Мемлекет басшысының «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда» деген сөзі бар. Баршаңызды жұдырықтай жұмылып, аймағымыздың, ауданымыздың дамуына аянбай үлес қосуға шақырамын. Жастық жалындарыңыз бен күш-жігер­леріңізді ауданның дамуына, өсіп-өркен­деуіне жұмсайтындарыңызға сенемін, – деді аудан әкімі.

Мұнан соң жастар бригадаларының жұмыстарына тоқталып, алдағы жылы жұмыс ауқымын ұлғайтуды жүктеді. Ал ұсыныс-пікір кезеңінде жас кәсіпкерлер түрлі ұсыныстарын айтып, қолдау қажет екендігін жеткізді. Аудан әкімі жас кәсіп­керлерге қолдауды күшейту мақсатында тиісті салалық бөлім басшыларына тапсырма берді.

Айта кетейік, ауданымызда шағын және орта бизнес саласында 678 жас кәсіпкер бар. Жалпы тіркелген ШОК субъектілерінің саны 3378 болса, олардың ішінде жас­тардың үлесі 20 пайызды құрайды. Биылғы жылы мемлекеттік бағдарламалар арқылы жас кәсіпкерлердің 22 жобасы 131 миллион теңгеге қаржы ұйымдары арқылы қаржыландырылған. Одан бөлек, Аграрлық несие корпорациясы арқылы жастарды оның ішінде жас кәсіпкерлерді қолдау мақ­сатында жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беру жұмыстары басталды. 2023 жылдың 5 айында 13 жас кәсіпкер 59,8 миллион теңгенің несие қаржысын алып, жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, мем­лекеттік бағдарламалар шеңберінде 28,9 миллион теңгеден астам сомаға 21 жас кә­сіпкер әртүрлі салада қайтарымсыз грант иеленіп, қазіргі таңда кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Сондай-ақ кәсібін дөңгелетіп отырған яки кәсіппен айналысуға ниетті жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ауданда «Жастар бастауы – кәсіпкерлік негізі» атауымен кәсіпкерлік жобалар байқауы өтеді. Байқауға қатысу үшін өтінімдер 20 шілдеге дейін жалғасады. Жобаға 14-35 жас аралығындағы аудан тұрғындары өз жұмысын ұсына алады. Бағдарлама шартына сай келетін әр кәсіпкер іріктеуге бір жаңашыл бизнес-жоба ұсынуы қажет. Байқаудың қорытындысы бойынша үздік танылған жобалар арнайы орындармен, бағалы сыйлықтармен және сертификат, дип­ломдармен марапатталатын болады. Ес­керте кетерлігі, бұрын осы жобаға қаты­сып, қолдау алған жеңімпаздар қайта қатыс­тырылмайды.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 шілде 2023 ж. 166 0