Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өз көлігіңді өзің жу

Өз көлігіңді өзің жу

Мемлекет түрлі бағдарламалар арқылы кә­сіпкерлерге тиімді жағдай жасап келеді. Ау­дандық басылым мемлекеттен көмек алып, кәсіп ашып, кәсібінің берекесін көріп отыр­ған жандарға ұдайы қолдау көрсетеді. Біз­дің бүгінгі кейіпкеріміз – өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу орталығын ашып, тұрғындарға тиімді жағдай жасап отырған жас кәсіпкер Дастан Палмахов.

«Еңбек еткеннің – еңсесі биік» деген, ниеттенгеннің екі қо­лына бір күрек табылары анық. Гарвард университетінің профессоры Иозиф Шумпетердің «Кәсіпкер болу – басқаның істе­генін істемеу» деген анықтамасы бар. Осы ретте Дастан да ау­данымызда алғашқы болып ерекше көлік жуу орталығын аш­қан. Иса Тоқтыбаев атындағы көше бойында орналасқан ор­талықтың ерекшелігі – тұтынушы өз көлігін өзі жуып алады. Ал тиімділігі – уақыт пен қалтаға салмақ салмайтындығында. Мысалы, көлігіңізді жеңіл-желпі шаң басса, толық жууға беріп, қал­таңызды қақпасаңыз болады. Аталған орталыққа келіп, арнайы құрылғыға қалауыңызша ақша салып, көлігіңізді тазалап ала аласыз. Бір секундты бір теңгемен өлшейтін аппарат авто­көлігіңізді қаласаңыз жай сумен, тетігін бассаңыз арнайы кө­бікпен де тазартып береді.

– Қазір техника дамыған. Бұндай өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу орталықтары үлкен қалаларда бар. Бірақ біздің ауданымызда бірінші рет ашылып, оны біз қолға алып отырмыз. Бұл өз кезегінде үлкен жауапкершілік. Ерекшелігі – орталық жылдың төрт мезгілінде де, сондай-ақ тәуліктің кез келген уақы­тында қызмет көрсете алады. Яғни құрылғы үздіксіз жұмыс жасайды, – дейді жас кәсіпкер Д.Палмахов.

Қарындасы Гүлнұр екеуі бірлесе кәсіп ашуға бел буған Дастан пандемия кезінде біраз нәрсені түсінгенін айтады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант жеңіп алып, кәсіпті бастап кеткен. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген. Алғашқыда қорқыныш болып, істі бастауға жүрексінген жас кәсіпкер көп ізденіп, жаңаша идеямен, тың қарқынмен жұ­мысқа кіріскен. «Ой жеткен жерге қол жетеді екен» дейді Дас­тан. Тек талмай-тынбай еңбек ету керек. Қазіргі кезде аталған ор­талықты кеңейтіп жатқан кәсіпкермен біз де құрылыс барысында, қызу жұмыс арасында сөйлестік.

Орталық өз жұмысын қараша айынан бастаған. Бүгінде өз алдына тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген. Ауа-райына байланысты жұмысы біршама тұрақтап қалған көлік жуу орталығы күніне орташа есеппен 30-40 көлікке өз қызметін ұсынады.

– Ауданда өз-өзіне қызмет көрсететін орталық ашылғанына қуанып қалдық. Аталған көлік жуу орталығына жиі бас сұғамыз. Уақытқа да, ақшаға да тиімді. Арасында арнайы орталыққа жу­ғызған бөлек, күнделікті көлікті жуып-шаю үшін үй ауласын лас­тауға тура келетін. Бұл да жаңашылдық қой, тиімді тұсы көп. Бір жағынан ауданымызда кәсіпкерлік қарқын алып, халыққа қолайлы жағдай жасалып келе жатқанына көңіл марқаяды, – дейді көлік жуу орталығының тұрақты тұтынушысы А.Асқаров.

– Қазір мемлекет кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетуде. Бастапқыда қорқа-соқтап, «кәсіп ашу үшін таныс керек қой» деп ойлайтынмын. Содан не де болса істі бастау керек болды. Тәуе­келге бел буып, жан-жақты іздене бастадық. Түрлі бағдарла­малар­ды, ерекше әрі қолдан келетін істі іздедік. Көлік жуу орталығын ашу деген бұрыннан ойда бар дүние еді. Қазір, Аллаға шүкір, кәсіп дөңгелеп келеді. Бірақ оңайлықпен келмегені анық. Тек өзің ізденіп, еңбектенсең жетіп жатыр, – деген Дастан осы салада «Қазақстанның Еңбек ері» Абзал Ералиевтің жан-жақты бағыт-бағдар беріп, жол көрсеткенін айтады.

Жас кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті. Қазір құры­лысы аяқталуға жақын қалған екі посттық орталық алдағы уақытта «бір терезе» сияқты халыққа қызмет көрсететін болады. Яғни көлік жуу, техникалық байқау, көлік жөндеу және сақтандыру қызметтері бір жерден ұсынылады. Сондай-ақ үлкен қалалардағы сияқты қонақтар демалатын орын қосу ойда бар.

– Орталықты кеңейткен соң бірнеше адамды жұмыспен қам­тимыз деп отырмыз. Қазіргі уақытта көлік иелері арнайы аппаратпен өз көлігін өзі жуа алатын болса, алда тұтынушыға таңдау еркіндігі берілетін болады. Көлікті толықтай мамандарға тапсырып, демалып отырамын десе де, өзі жуып аламын десе де мүмкіндік болатын жағдай жасалады. Мақсатымыз – шағын ауданымызға жаңашылдық әкелу, халыққа қолайлы жағдай жасау. Осы жолда жұмыс жасап келеміз, – дейді кәсіп иесі.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 наурыз 2022 ж. 415 0