Төл басылым – төрімізде
Әдеттегідей жұмыста шығармашылық ізденістердің жетегінде кітап оқып, қажетті тұстарын түртіп алып, кезекті бір сараптамалық мақаланың мазмұнын байытып отыр едім. Жұмыс телефоны шырылдады. Тұтқаны құлағыма тоссам, еңбек ардагері Төлеу Сүлейменов екен. Ардагер үйіне газет келмей қалғанын айтып, мәселені назарға алуымды сұрады.
Ардагердің шағымынан кейін дереу бас маман мен баспасөз маманын шақырып, мәселенің мән-жайын анықтауды сұрадым. Мамандар Жамбыл көшесіне бекітілген таратушыға хабарласып, құжаттарды көріп, ардагердің екінші жартыжылдыққа газетке жазылмағанын айтты. Іле шала ақсақалға хабарласып, шілде айы басталғанын, газетке жазылмағанын айтып, десе де тұрақты оқырман ретінде жергілікті газетті іздегені үшін шілде айынан бастап жарыққа шыққан газеттерді түгендеп, беріп жіберетінімді жеткіздім. Ардагер екінші жартыжылдықтың басталғанын ұмытып кеткенін, газетке жазылатынын айтып, айып етпеуімді өтінді. Сөйтті де сол күні бірден редакцияға келіп, газетке жазылып, түбіртегін алып кетті. Бір-бірімізге алғыс айтып, ісіміз берекелі болсын деп тарастық.
Мұндай жағдайлар шілде айының алғашқы он күндігінде көп кездеседі. Көпшілік газетке тек алты айға жазылғанын ұмытып, газеттің неге келмей жатқанын күтеді. Кейін барып, бірінші жартыжылдықтың аяқталғанын байқайды. Иә, қазір газет таралымына өзгеріс енгізіліп, таратушылар өз жұмысын нақтылап жатқан кезең. Баспасөзге жазылу жұмыстарының бұл жолғы қорытындысында аудандық газеттің таралымы 3329 дана болды. Бұл өткен жартыжылдықпен салыстырғанда 115 данаға артық, яғни алғашқы екі тоқсанда газетіміз 3214 данамен таратылған еді.
Газетке жазылуды қазақ баспасөзіне қолдау деп білетін азаматтардың жанашырлығын маусым айында кеңінен жазып, өз алғысымызды білдірдік. Төл газетке ұжым болып жазылуды үрдіске айналдырған мекемелерге де айтар алғысымыз шексіз. Ауданда күріш егіп, жерден нәсіп терген шаруашылықтардың да аудандық газетке жазылу жұмыстарына ерекше белсенділікпен атсалысуын жоғары бағалаймыз. Өз кезегімізде тұрақты оқырманымыз болып табылатын мекемелердің жұмысына ақпараттық қолдау көрсетуге әркез дайын екенімізді жеткізгіміз келеді.
Сәйкесінше, газетке жазылғысы келмейтін, бірақ газетке мақалалар жариялағысы келетін мекемелер мен басшылар да жоқ емес. Олардың қатарында «Қазақтелеком», «КРЭК» мекемелері, №130 орта мектеп ұжымы мен «Абай-Дәулет», «Тоқмағамбетов Жер» серіктестіктері бар. 2019 жылдан бері аудандық газетке жазылып келе жатқан аудандық прокуратура, сот, полиция бөлімінің ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Жалпы, баспасөзге жазылу, жазылмау, газетті оқу, оқымау әркімнің еркіндегі жұмыс. Тек бір қоғамда бір уақытта өмір сүріп, түрлі әріптестік жұмыстар аясында араласып, біте қайнасып, жұмыс істеп жүргеннен кейін бір мекеменің екінші бір мекеменің жұмысына қолдау көрсеткені жөн деп есептейміз. Сондықтан газетке жазылу науқанында көпшіліктен қолдау күтетініміз жасырын емес. Ал бізге қолдау көрсетуге дайын азаматтарға біз де ақпараттық қолдау көрсетуге, жақсысын асырып, жаманын жасырып, сүйінші жаңалықтарын жариялауға ынталымыз. Сол ынталы ісіміз төл басылым төрге озса деген тілекке келіп тіреледі... Қалғаны уақыттың, азаматтардың ой-санасы мен көзқарасының, таным-түсінігі мен көңілінің еншісіндегі іс...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ