Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше көркі қалпына келтірілуде

Көше көркі қалпына келтірілуде

Кент келбеті көрікті көшелермен айшықтала түспек. Биыл аудан­дағы бірқатар көшелер жөндеуден өткізілуде. Түзу, тегіс, кең көшелер ауданымызға сән беріп, үлкен қаладағыдай кейіп беріп тұрғаны байқалады. Одан бұрын, бұл тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауда.

Жолдың сапалы болуы көлік жүргізушілеріне ғана емес, жаяу жолаушылар үшін де маңызды. Сол үшін жыл сайын жол жөндеуге мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, жұмыс жоспар бойынша жүзеге асуда.

Қазіргі таңда ауданға қарасты Оспан Мәлібаев ауылындағы Б.Өтепов көшесі орташа жөндеуден өткізілуде. Ұзындығы 0,7 шақырымды құрайтын ауылдағы басты көшелердің бірін жөндеу жұ­мысын «Tech Service KZ» ЖШС мекемесі жүзеге асыруда.

– Аудан орталығының да, ауданға қарасты елді мекендердің де күн санап жақсарып келе жатқаны келешекке деген сенімді молайта түседі. Биыл О.Мәлібаев елді мекенінде серпінді жұмыстар атқарылуда. Ауылымызда бұған дейін де жол жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып еді. Соның жалғасы ретінде осы жылы ауылда бірқатар көше жөндеуден өткізілуде. Бәкір Өтепов атын иеленген көшені жөндеу туралы тұрғындар ұсыныс көтергеніне біраз уақыт болған. Бүгінде аталған жұмыс қарқын алып, кө­ше көркі қалпына келтірілуде. Жол кеңейіп, асфальт төселді. Көшенің жөнделгеніне тұрғындар қуанышты. Расында да еліміздің өркендеуі осындай шағын ауылдардың көркеюінен бастау алмақ, – дейді көше тұрғыны Е.Ілиясов.

Айта кетейік, бұған дейін О.Мәлібаев елді мекеніндегі Қ.Бөдеев көшесі асфальтталған болатын.



Сырдария аудандық тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылық,
жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары бөлімі
11 шілде 2023 ж. 420 0