Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол жөндеу жұмыстарымен танысты

Жол жөндеу жұмыстарымен танысты

Аудан әкімі Руслан Рүстемов «Самара-Шымкент-Жаңадария автомобиль жолын орташа жөндеу» 0-5 және 10-25 шақырымының жұмыс барысымен танысты. Бұл ауданға қарасты Іңкәрдария елді мекеніне баратын жолды қамтиды.

Қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бақтияров таныстырды. «Самара-Шымкент-Жаңадария» автомобиль жолының 0-5 шақырымын орташа жөндеу «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда. 150 млн 662 мың теңгені құрайтын жоба 2020-2021 жылдары іске асырылады. Биылғы жылы жолдың 2,5 шақырымы жөндеуден өткізіліп жатыр.

Ал «Самара-Шымкент-Жаңадария» автомобиль жолынының 10-25 шақырымын орташа жөндеу «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 350 млн 921 мың теңге бөлінген. Жол жөндеу жұмыстарына бағдарлама шеңберінде жергілікті жерден 25 адам жұмыспен қамтылуда. Жол құрылыстарын мердігер мекеме «TechService KZ» ЖШС жүргізуде.

– Аудан орталығынан шалғай жатқан Іңкәрдарияға баратын жолды орташа жөндеу мемлекеттік бағдарламар бойынша іске асырылып жатыр. Осы жұмыстарды толық аяқтағанда елді мекеннің облыс, ауданға қатынайтын жол мәселесі шешімін табатын болады. Сондықтан жол жөндеу жұмыстарының сапалы жүзеге асырылуын жіті бақылап, техникалық талаптарға сай қабылдап алу қажет, – деді аудан әкімі.

Мердігер мекеме директоры М.Жаббарбергенов орташа жөндеу жұмыстары өз уақытымен жүргізіліп жатқандығын атады. Қазіргі таңда жолдың енін 7 метрге лайықтандыру жұмыстары атқарылуда екенін жеткізді.

Айта кетейік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясындағы орташа жөндеу жұмыстарына Іңкәрдария ауылының тұрғындары тартылуда.

17 шілде 2020 ж. 856 0