Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 27,6 шақырым жол жөнделеді

27,6 шақырым жол жөнделеді

«Жол қадірін жүрген білер». Иә, қа­зір­гідей өркениетке ұмтылған кезең­де жолдың сапалы болуы әрбір тұрғын үшін маңызды. Көше асфальттанып, оның бойы жарықтандырылса, халық­қа қолайлысы да сол. Сондықтан жыл сайын жолды жөндеуге мемлекет­тік қаржыдан тиісті қаражат бөлініп, бар­лығы жоспар бойынша кезектілігі­мен іске асуда.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық ша­руа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, аудандық маңызы бар автомобиль жол­дарының жалпы ұзын­дығы – 107,5 шақы­рым. Өткен жылдың нәтижесімен оның жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 98 пайызға жеткен. Ал елді мекендердің ішкі көше жолдарының жалпы ұзындығы 228 шақырымды құрайды. Оның 59 пайызы жақсы және қанағат­танарлық жағдайда. Яғни, 135 шақырымы асфальтталған. Қалған 93 шақырымы қиыршық тас пен құмды аралас жолдан құралған, яғни 40,8 пайызы қанағаттанарлықсыз болып табылады.

Өткен жылы автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 1,3 млрд теңге қар­жы бөлініп, 23 жоба бойынша жұмыс жүр­гізілген. Оның 15 жобасы толық аяқталса, 7 жоба биылға өтпелі. Ал 1 жобаның жұ­мысы тоқтауына орай мердігер мекемеге міндеттеу бойыша сотқа талап-арыз беріліп, іс сотта қаралуда. Жалпы, былтыр кент және ауылішілік жолдар бо­йынша 20,8 шақырым, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 6,8 шақырым автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізілген. Нәтижесінде, осы көрсеткіш бо­йынша аудан облыста алдыңғы қатарда.

Биыл да жол жөндеу үшін бірқатар жобалар жүзеге асады. Атап айтқанда, осы жылы елді мекендердің ішкі көшелерін және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бо­йынша 21 жоба қа­ралған. Оған тиісті қаржы көздерінен 942,2 млн теңге бөлініп отыр. Оның 11 жобасы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен іске асатын болса, қалған 10 жобасына об­лыстық бюджеттен қаржы қаралған.

– Биыл аудан бойынша автомобиль жол­дарына барлығы 27,6 шақырым асфальт жабындылары төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар осы жылы қосымша Іңкәр­дария елді мекенінен 2 көше, Терең­өзек кентіндегі бұрынғы О.Мәлібаев аумақ­та­рын­дағы 3 көшені орташа жөндеу жоспарлануда. Бүгінгі күні аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан аталған көшелер бойынша мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргі­зілуде, – дейді аудандық тұрғын үй ком­муналдық шаруашылығы, жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас­шысы Нұржан Бисембаев.

Жоғарыда аталған 21 жоба ішін­­де Терең­өзек кен­ті бойынша Қ.Бөдеев, О.Мәлібаев, Д.Қонаев, Ә.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, А.Әлиакбаров, Б.Момышұлы көшелері­нің орташа жөндеу жұмыстары бар. Сондай-ақ Қалжан ахун ауылын­дағы Қайқы батыр, Шіркейлідегі Қ.Қожам­жаров пен Бейбітшілік, Аманкелді елді мекеніндегі Жанкина, Жалмурзаева, Ағай­даров, Баймағамбетов, Қалымбетов, Айдарлы ауылын­дағы Қ.Сәтбаев, Жиренов, Жармахан, Жетікөлдегі Рахменше, Сахабаев, Көзейбаев, Бесарық ауылындағы М.Әуезов және С.Сейфуллин елді мекенін­дегі көшелер де орташа жөндеуден өткізіледі. Оған қоса, биыл аудандық маңызы бар «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шір­кейлі» автожолының 5 шақырымы мен «Қызылорда-Жалағаш-Тереңөзек автожо­лының 0,8 шақырымы жөнделетін болады.

Бұдан бөлек, тиісті бөліммен Тереңөзек кенті мен елді мекендердің 29 көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама дайындалған. Атал­ған жобаларды қаржыландыру мақсатында 840,3 млн теңгеге бюджеттік өтінім өткізілген. Бұл жобалар да қаржылық қолдау тапса, жолдар орташа жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, аудандағы жолдар сапасы жақсаратыны сөзсіз.
Е.БЕРКІНБАЕВ
14 қаңтар 2023 ж. 770 0