Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жалын» есігін айқара ашты

«Жалын» есігін айқара ашты

Кеше кент сыртындағы «Жалын» сауықтыру лагерінің ашылу салтанаты болды. Мереке­лік кешке аудан әкімі Берік Сәрменбаев, ау­дандық мәслихат депутаттары, ұстаздар қа­уымы мен лагерь тынығушылары қатысты.

Лагерьдің кіреберісінен аудан басшысын қарсы алған тыны­ғушылар, биылғы демалыс маусымында есігін айқара ашқан лагерьдің тыныс-тіршілігмен та­ныс­­тырды. Аудан әкіміне лагерь­дің төсбелгісін тағып, мерекеге орай безендірілген сахнаға алып шықты.

Сырдариялық жас ұрпақты кезекті тынығу маусымында қар­сы алған «Жалын» сауықтыру ла­гері­нің салтанатты ашылу рәсі­мі тынығушыларының рапорт қа­был­дау рәсімімен басталды. Ла­герь­дің туы көкке көтеріліп, «Жас ұландар» әні шырқалды. Көңіл­ді де­малысты өткізуге асыға кел­ген жалындық тыны­ғу­шы­ларды аудан әкімі Б.Сәрмен­баев құт­тық­тады.

– Қадірлі жас достар, тыны­ғушылар! Биылғы демалыс мау­сы­мының басталуымен барша­ңызды құттықтаймын. Жыл са­йын есігін айқара ашатын «Жалын» сауықтыру лагері биылғы жылы да өздеріңізді қарсы алды. Мұнда сіздермен бірге тәлімгерлер он күн бойы керемет есте қалатын күндерді бірге өткізетін болады. Айналасы жасыл желекке­ оранған лагерьдің саф ауасымен тыныстап, әрбір күнді мәнді де мағыналы етіп өткізетін боласыздар. Ол үшін сіздерге барлық жағдай жасалған. Жақсы дос­тар тауып, көңілді өткізетін күнде­ріңіздің сәтті өтуіне тілектеспін, – деді аудан әкімі.

Мерекелік құттықтаудан соң лагерь белсенділерімен бірге қа­дірменді қонақтар бейбітшілк символы ретінде аспанға ақ кө­гершіндер ұшырды.

Жыл сайын тынығушыларына қызықты да естен кетпес демалыс сыйлайтын лагерьде балалар өнерлі, еңбексүйгіш, ме­йірімді, тәртіпті болуға үйре­неді. Тәлімгерлер күн са­йын тынығушылармен бірге оянып, күні бойы алдын ала дайын­далған бағдарламаға сәйкес түрлі іс-шаралар өткізіп, әрбір баланың талантын шыңдап, шығармашы­лыққа тәрбиелейді.

Лагерьдің ашылу салтанаты сырдариялық өнерлі өрендердің концертіне ұласты. Шаған өнер мектебінің өнерпаздары «Мен қа­зақпын», «Өнерге ғашықпын» әнін орындаса, Шіркейлі өнер мектебінің бишілері «Түрік» биін биледі. Лагерь демалушылары заманауи флешмобын билеп, керемет көңіл күй сыйлады. Мерекелік кеш Сырдария аудандық өнер мектебінің «Бақыт деген» әнін орындауымен аяқталды.
Жүздері балбұл жанған балалар тынығу маусымының алғашқы маусымын осылайша керемет көңілде бастап кетті.

Айту керек, биылғы жазда «Жа­лын» сауықтыру лагерінде 681 ба­ла сауығатын болады.

«ТТ» ақпарат
06 маусым 2023 ж. 272 0