Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шағанда жаңа цех іске қосылады

Шағанда жаңа цех іске қосылады

Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы саласында айрықша серпін бар. Өткен жылы аграрлық сала бойынша үздіктер қатарынан көрінген аудан халқы ырзық-несібесін жерден теруде. Өз кезегінде 5 мыңға жуық халқы бар Шаған ауылындағы іргелі шаруаршылық  саналатын «Шаған Жер» ЖШС-нің бастамасымен макорон өнімдерін дайындайтын арнайы цех ашылмақ.  

Негізінен, серіктестік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар   ауқымдылығымен маңызды. Өткен жылы астығы қамбаға толған шағандықтар алдағы уақытта жергілікті өнімнің игілігін көруге ниетті. Аталған цехта макоронның 6 түрі өндіріледі деп күтілуде. Бүгінде елді мекендегі ескі дүкенді жаңғырту арқылы цех жұмысын жандандыру жолға қойылмақ. Шын мәнінде цех пайдалануға берілгенде ауылдағы бірнеше адам  тұрақты жұмыспен қамтылады.

Биыл серіктестік 3035 гектар алқапқа Сыр салысын, 293 гектарға бидай және 180 гектарға мақсары егуді жоспарлаған. Көктемгі дала жұмыстарының уақытылы басталып, сапалы жүргізілуі үшін қажетті іс-шаралар қабылданған. Жыл сайын белгіленген межеден жоғары өнім алуға барымызды саламыз. Аптап ыстыққа қарамастан диқандар егістік басынан табылуда. Қазіргі уақытта жаңа кәсіпті игеруге байланысты біршама жоспар қабылданды. Ескі дүкенді цехқа лайықтандыруға бар күшті салып, сан түрлі макорон өнімдерін дайындауға мүдделіміз. Жалпы, кәсіпкерлік саласын әртараптандыру үшін серіктестік жаңа жобаларға иек артады, – деді «Шаған Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов. 

Жыл сайын аграрлық саланы өркендетуге күш салатын серіктестік тарапынан жүйелі жұмыстар жасалуда. Нақтысын айтқанда, «Шаған Жер» ЖШС-нің сауда үйі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтау мақсатында азық-түлік өнімдерін сатылымға шығарған. Техникасы жаңарып жері барынша өңделген шаруашылықтың негізгі бағыттарының бірі Сырдың басты дақылын егумен қатар, мал шаруашылығын дамыту болып табылады.

– Асылында, кәсібінен береке тапқан көпшіліктің негізгі мақсаты – бизнесін жан-жақты жетілдіру болып саналады. Ауылымызда кәсіпкер саласына ден қойған азаматтар баршылық. Нарықтық заманда кәсіпті барынша игерген жандар табысты еселей түсетіні рас. Осы күні ауылдың әлеуетін жақсартуға іргелі шаруашылық күш салып келеді. Жаңадан ашылғалы отырған цехтан мол өнім шығарылады деген сенім мол, – деді аудандық мәслихат депутаты Әбдікәрім Серікбаев.

Білікті басшы Жеңісбек Сыздықов басқаратын «Шаған Жер» ЖШС-нің жаңа кәсібіне сәттілік тілей отырып, шаруалардың қамбасы астыққа толсын деген ізгі ниетімізді жеткізем
із.
05 маусым 2023 ж. 279 0