Сыр салысын қамбаға толтырды

Биыл «С.Сейфуллин Жер» ЖШС әр гектардан орташа есеппен 59 центнерден өнім алды. Жыл қорытындысы бойынша өзіне тиесілі 315 гектардан 51,5 центнерден Сыр салысын алған Бахытбек Ілиясов «Озат бригадир» атанды. Ал күрішші Жетібай Төремұрат 42 гектар күріш егіп, 70,2 центнер өніммен үздіктер қатарынан көрінді. Айта кету керек, екі үздік озатқа «Лада гранта» автокөлігі табысталды. Сонымен бірге жоғары көрсеткішпен дараланған механизаторлар, күрішшілер мен жұмысшыларға бағалы сыйлық берілді. «Егіні бітік шыққанның, қырманына қыдыр қонады» демекші, берекелі ұжымның қуанышы еселене түсті. Күрішші Жұманазар Шәкіров Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, агроном Берік Жұмақожаев аудан әкімі Т.Дүйсебаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
«С.Сейфуллин Жер» ЖШС ауылдың тұрмысын түзетуде әр жылдары ауқымды жұмыс атқаруда. Шаруашылық техникалары жаңартылып, алдағы еңбек маусымына дайындық барысы пысықталуда. Серіктестік басшылығы ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсетіп, ардагерлерді сауықтыру орындарына жіберіп отырады.
– Асылында, «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды». Соңғы 5 жылда Сәкен Сейфуллин ауылында еңбек етіп келеміз. Күнделікті ел-халықпен біте қайнасып, мол өнім алуға күш салудамыз. Ең алдымен ауыл тұрғындарына демеушілікпен қолдау көрсету – басты мақсатымыз. Мәселен, ауылдағы «Міркемел Кәлпе» мешітін жөндеуден өткіздік. Төтенше жағдай кезінде бірнеше отбасыға азық-түлік тараттық. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек берілді. Ал мүмкіндігі шектеулі бір жанға үй салу үшін құрылыс материалдары алып берілді. Киелі қарашаңырақ №137 орта мектепке тұрақты түрде көмек көрсетіліп тұрады, – дейді шаруашылық басшысы Оңғарбек Құрманайұлы.
Бір айта кетерлігі, ауыл тұрғыны Рабиға Үсенбай жақында редакцияға арнайы хабарласқан болатын. Медицина қызметкерінің айтуынша, С.Сейфуллин Жер» ЖШС тарапынан жасалған игілікті іске алғыс айту көптің көкейінде жүрген екен. Негізінен, шаруашылық есебінен 1 миллион теңге бөлініп, ауылдық емхананың ауласы темір профильмен қоршалап берілген.
– Ауылымызда 2012 жылы жаңа емхана пайдалануға берілген болатын. 8 жыл уақыт бойы ауыл емханасында 4 орта буын, 2 кіші буын медицина қызметкері халыққа үздіксіз қызмет етіп келеді. Шаруашылық төрағасы Оңғарбек Саймағамбетовтің қабылдауында болып, емханың ауласын қоршалау жөнінде медицина қызметкерлерінің өтінішін жеткізген едім. Көп ұзамай шаруашылық демеушілігімен тиісті жұмыстар атқарылды. Бұл ретте шаруашылық басшылығына шынайы алғысымды жеткіземін, – дейді Рабиға Үсенбай.
Мұндай игілікті жұмыс келесі жылда да жалғасын таппақ. Мәселен, келесі жылы елді мекенде «С.Сейфуллин Жер» ЖШС есебінен бір көше жарықтандырылатын болады.
«Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» демекші, сәкендік шаруалардың еңбегі еселеніп, Сыр салысын молынан жинай берсін демекпіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ