Шаруасы шираған шаруашылық
Әркез егістік басынан табылатын шаруалардың еңбегі еленетін молшылық маусымында әрбір шаруашылық өнімін жинап, қамбаны астыққа толтырды. Бес мыңға жуық халқы бар шағандық диқандар алажаздай тыным таппады. «Шаған-Жер» ЖШС Сыр салысын егуде енжарлыққа жол бермеді. Қайта жандаған серіктестік материалдық базасын жаңарту мен ауыл әлеуетін көтеру үшін тың жобаларға иек артқан.
Биыл іргелі шаруашылық 2900 гектар жерге күріш ексе, 357 гектар жерге бидай, 1055 гектар жерге ескі жоңышқа, 233 гектар жерге жаңа жоңышқа, 105 гектар жерге мақсары орналастырды. Серіктестікке қарайтын 8 бригадада 350 адам жұмыспен қамтылған. Талай жыл ауыл шаруашылығы саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан Қожабек Дәдікбаев ізбасарлары су тапшылығына қарамастан өнімнің бітік шығуына атсалысты. Әрбір бригада басында күндіз-түні қызу тірлік жүрді. Жыл қорытындысы бойынша «Шаған-Жер» ЖШС 2900 гектар жерден 171494 центнер өнім алып, шаруалар мерейге бөленді. Мұнда негізінен, күріштің «Лидер» сұрыпы егілген.
– Серіктестік жыл бойына ауқымды жұмыстарды атқарды. Су тапшылығын алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қабылданды. Әрбір бригадалардың аяқ су алатын арналардың өзегі тазартылып, арнайы насостар құрылды. Нәтижесінде, атыздарға жеткілікті деңгейде су жіберіліп, Сырдың басты дақылына толықтай күтім жасалды. Техникалық базамызды молайту үшін мемлекеттен қаржы алуға жұмыс жасалуда. Жаңа техникамен егістік басында жерді тегістеу, тұқымды себу, өнімді ору қолайлы. Сондықтан алдағы уақытта кезең-кезеңімен техникалық базаны жаңартуға мүдделіміз. Негізінен, ауыл шаруашылығын өркендетуге арналған әр серіктестіктің басым-бағыттары болады. Егін егумен бірнеше жыл бойы айналысып келетін шаруалар ауа-райы қолайлылығы мен күріштің сұрыпына да мән береді. Агрономдармен ақылдаса отырып, егістіктерді улап, арнайы тыңайтқыштар себеміз. Судың уақытылы берілуін қадағалаймыз, – дейді «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша №5 бригададан екі озат диқан көш бастады. Мәселен, Қуаныш Маханов 39 гектар жерден 91,1 центнер, Ілияс Наурызбаев 39 гектар жерден 73,2 центнер өнім алған. Ал №4 бригададан Дархан Мұхамеджанов 30 гектар жерден 90,7 центнермен үздіктер қатарынан көрінді.
Әрқашан толайым табыстарға қол жеткізу мақсатында тынбай еңбек ететін серіктестік жанынан «Шаған» сауда үйі халыққа қызмет көрсетуде. Нарық көшіне ілескен сауда орталық мамандары сапалы өнімдерді халыққа ұсынып келеді. Облыс пен аудан орталығына шабылмай-ақ, азық-түлікті сауда нысанынан алуға болады.
Жыл көлемінде шаруашылықтың демеушілігімен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға қайырымдылық акциялары жүргізіліп тұрады. Сонымен бірге, оқушыларға арналған арнайы Қожабек Дәдікбаев атындағы бір реттік шәкіртақы төленген болатын. Ауылдан шыққан тұғырлы тұлғаның атында алма бағы бар. Алма бағына кезінде 2000 көшет отырғызылғанын көпшілік жақсы біледі. Қазіргі таңда 5 адамды жұмыспен қамтып отырған бақ қайта жанданды. Шән мәнінде, жаз маусымында бақта асқабақ пен қауын-қарбыз егілген. Бақша өнімдерінің ішінде күнбағыс та өскен.
Жыл көлемінде ардагерлерді құрметтеу дәстүрге айналған. Шаруашылықпен аттас ардагерлерге арналған демалыс орталығы ашылған. Мұнда дойбы, үстел теннисі, бильярд залы бар. Тарихтан сыр шертетін музей де жергілікті халық үшін қызмет етеді. Мұндай игі іс-шаралар шаруасы шираған шаруашылықта алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ