Ана тілі – тіршіліктің бастауы
Қасиетті де, қастерлі ұғым ана тілі – тіршіліктің бастауы. Ана тілінің құдіреттілігі сонда, ол дүниеге келген сәбидің бойына ең алдымен ана сүті арқылы дариды және оны қоршаған ортасы арқылы бойына сіңіріп, үйренеді. Ең алдымен анасынан құлағына сіңіріп, бесік жырын тыңдап өсетін бала өсе келе өзі оған деген құрметін ешуақытта жоғалтпайды.
Ана тілі арқылы адамның туған еліне деген сүйіспеншілігі арта түседі. Қазақтың ұлы тұлғалары мен ақын-жырауларын сөйлеткен қазақ тілінің мәртебесі жыл өткен сайын арта түсуде. Дегенмен қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ана тіліміздің басынан небір қилы заман өткенін ұмытпауымыз керек. Сындарлы сәтте абыройы мен тұғырын түсірмей, шұрайлы да кемеңгер ойдың арнасынан шықпаған қазақ тілі кемел ойдың қазығы болып қала бермек.
Өз тілі жоқ кез келген халық жойылады. Сондықтан қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін қазақ тілінде сөйлеп, барлық іс-қағазды мемлекеттік тілде жүргізіп, қоғамның өзгеруіне ең алдымен өзіміз атсалысуымыз қажет. Сонда ғана келешек ұрпағымыз тіл мерейінің қадірін түсініп, оны құрметтейтін болады.
Әлемде қанша мемлекет болса, сонша тіл бар. Әр ұлттың қасиеті де, құдіреті де оның тілі. Тіл ананың ақ сүтімен дариды және ол қарым-қатынас құралы болып саналады.
Ұлтымыздың байлығы да, тірегі де, мақтанышы да – қазақ тілі. Ата-бабадан мұра болып қалған ана тілімізді көзіміздің қарашығындай қорғау өскелең ұрпақтың міндеті деп білеміз.
Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Қазір барлық мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдарда іс-қағаздар қазақ тілінде жүргізіледі. Бұл біріншіден, ана тіліміздің мәртебесін көтерсе, екіншіден, қолданыс аясын кеңейтіп, оған деген құрмет дәрежесін көрсетеді. Шын мәнінде, ең ғажайып әрі бай тіл болып саналатын қазақ тілі кез келген адамның жан дүниесін байытып, оған деген мақтаныш сезімін асқақтататыны сөзсіз. Ұлы ақын-жазушыларымыздың өзі ана тілімізге арнап қаншама жыр шумақтарын жазды. Даналықтың белгісі ретінде қанатты сөздер қалдырды. «Ұлт болашағы – ана тілінде» деп ұрандатты. Елін, жерін сүйетін әрбір азаматтың жүрегінде ана тілге деген құрмет болуы тиіс.
Расында, тіл мәртебесін биіктету үшін мемлекеттік деңгейде қатаң заң қабылдау керек. Ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту мақсатында кешенді іс-шаралар қабылдаған дұрыс. Мәселен, көшелерде орналасқан көрнекіліктер мен жарнамаларды түзеу маңызды рөл ойнайды. Себебі ақпараттық хабарламалар – идеологияның бірден-бір құралы. Сондықтан онда тек қазақ тілі ғана «сайрап» тұруы тиіс.
«Тіл тағдыры – ел тағдыры» дегенді әркім ұмытпауы тиіс. Әрбір адам өз ана тілінде сөйлемей, мемлекеттік тілді меңгермей, еліміздің дамуы екіталай. Тіл ұмыт болса, ұлтқа қауіп келеді, тіпті жойылып кету қаупі төнуі мүмкін. Сондықтан отбасымыздан бастап, қызмет ететін орнымызда тек қана қазақ тілінде сөйлеп, ұлтжандылығымызды көрсетейік.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ