Тіршіліктің бастауы
Ана тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналадағы адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас ана тіліңді білуден басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы.
«Тіл – тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауы тиіс. Өйткені, ана тіліне құрметі болмаса, өзіне деген құрметі болмайды.
Қазақ тілі халықпен, бірге абыройлы да асқақ, сынақты да сындарлы тағдырды басынан кешірді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, жүйелі сөзбен алқалы топты еңсерген ойшыл, шешендерді ел басқару ісіне араластырып, халық жүрегінде жатталған дала данышпандары, кемеңгер ойдың кемелді арнасы, тілінен бал тамған, қара қылды қақ жарған әділетті би – шешендер ұлылық пен ұлағат, өнеге мен тағылымның мектебі, аталы ойдың алтын қазығы бола білді. Тек ана тіліміз арқылы ата-анаға, елге, Отанға, халыққа деген махаббатымызды жеткізе аламыз. Адам баласы өз анасын қалай сүйсе, өз тілін де солай сүюі тиісті екені анық.
Ата-бабаларымыздың тарихы мен шежіресі, түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас әрі бірегей ұғым. Қоғамның жылжып өзгеруіне байланысты тіл де дамып өзгеріп отырады. Қазақ тілі мәселесі мемелекеттік деңгейге көтерілгеннен кейінгі жылдары бұқара жұртшылықтың да, жастардың да ана тілі үшін көптеген маңызды жұмыс атқарғаны белгілі.
Тәуелсіздіктің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Дүниедегі барлық халық аңсаған тәуелсіздігін, ата-баба дәстүрін, ана тілін сақтау үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше құрметтейді, қорғайды.
Тіл – қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – әлемдегі барлық мемлекеттік тіл сияқты өзінің егемендігін алған тіл. Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті.
Меңдігүл Асан,
Сырдария аудандық соты