Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік тіл – менің тілім

Мемлекеттік тіл – менің тілім

«Тіл – тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс. Өйткені, ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Қазақтың ұлы тұлғалары Абай, Мағжан, Мұхтар, Сәбит, Жұбандар сөйлеткен қазақ тілі абыройлы да асқақ, сынақты да сындарлы тағдырды басынан кешірді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, жүйелі сөзбен алқалы топты еңсерген ойшыл, шешендерді ел басқару ісіне араластырып, халық жүрегінде жатталған дала данышпандары, кемеңгер ойдың кемелді арнасы, тілінен бал тамған, қара қылды қақ жарған әділетті бишешендер ұлылық пен ұлағат, өнеге мен тағылымның мектебі, аталы ойдың алтын қазығы бола білді. Тек ана тіліміз арқылы ата-анаға, елге, Отанға, халыққа деген махаббатымызды жеткізе аламыз. Қазіргі таңда ана тілін білу, үйренудің қажеттілігі жайлы орасан зор жұмыстар жүргізілуде. Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін ана тіліміз қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» күшіне енді.

Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз. Қытайдың атақты философы Конфуций «Егер маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді» деген. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды. Қазақ тілінің маңыздылығын және қолданыс аясын кеңейту күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан әр кез ана тілімізді ардақтап, оның мәртебесін көтеру жолында әрбір қазақстандық атсалысуы тиіс. Бұл баршаға ортақ.

А.АЛМАТОВ,
Сырдария АПб-нің кадр саясаты тобының инспекторы, полиция капитаны
24 қыркүйек 2020 ж. 788 0