Қыстың қамын жаз ойла
Таңертеңнен дорбасын арқалаған көпшілік Тереңөзек кентіндегі А.Әлиакбаров көшесіне ағылды. Себебі, жылдағы дәстүр бойынша азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі басталған болатын. Аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған жәрмеңке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылды.
«Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен жүзеге асырылған жәрмеңкеде тұрғындар белсенділік танытты. Ала жаздай тынбай еңбек еткен шаруалар азық-түлік өнімдерін аудан халқына нарық бағасынан төмен бағада ұсынды. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдеріне тұрғындар тарапынан едәуір сұраныс артқан. Сондықтан сала мамандары 30 түрлі өнімді сатылымға шығарды. Бірнеше сағатқа созылған жәрмеңкеге 45 тонна өнім әкелінген.
– Жыл көлемінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп, біршама жәрмеңке өткізілген болатын. Бүгінде жаз бойы егін еккен шаруалар өнімдерін жинауға кірісті. Биыл көкөніс пен бақша өнімдерін егуге арналған ауылдардан арнайы жер ашылды. Тұрғындар картоп, жуа, сәбіз, қауын-қарбыз секілді ауылшаруашылық өнімдеріне баса назар аударды. Мол өнім алуға ниетті диқан қауымның қатысуымен алдағы уақытта жәрмеңкені көптеп өткізу жоспарда бар. «Қыстың қамын жаз ойла» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек-ті. Қырық мыңға жуық аудан халқы қыс маусымына дайындықты пысықтағаны жөн, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Жұмабеков.
Өз кезегінде жәрмеңкенің өту барысы жайында жергілікті тұрғынның пікірін білген едік.
– Қазіргі уақытта азық-түлік бағасы біршама көтерілгенін байқаймыз. Қарапайым отбасында жан басы көп болғандықтан кез келген тамақтың шақ келмейтіні анық. Халық қалтасын жұқартпау үшін арзан бағада жәрмеңке ұйымдастыру маңызды рөл ойнайды. Бір жағынан жәрмеңке – азық-түлік тапшылығын болдырмаудың бірден-бір жолы. Жәрмеңке барысында сапалы, уақытылы піскен жергілікті өнімдерді кезіктірдік. Қажетімізге жарайтын азық-түлікті сатып алдық. Сауда жасауға келген халықтың қарасы қалың болды. Әркім өзіне керекті тауарды алды деп ойлаймын, – дейді кент тұрғыны Б.Жарықбасова.
Балтабай ОРДАБЕКОВ