Жаяу жүргіншілер жолы қажет
Аудандық газет редакциясы Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес нақты жұмыстарды атқаруда. Атап айтқанда, редакцияға тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлер зерделеніп, атқарушы билік назарына ұсынылуда және жауап алынып, баспасөзде жариялануда.
Апта басында газет редакциясына кент тұрғыны М.Баджанов хабарласып, аудан орталығындағы Д.Қонаев көшесіндегі автокөлік жолын жөндеу мәселесін көтерді. Мақсат Жарқынбекұлының айтуынша, ауданда көп жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ кемшіліктер де жоқ емес.
– Ауданымызда көп жұмыстар атқарылып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ сол атқарылып жатқан жұмыстармен қатар кемшіліктер де жоқ емес. Бүгін жергілікті атқарушы биліктің назарын сондай бір мәселеге аударғым келеді. Тереңөзек кентіндегі Д.Қонаев көшесінің автокөлік жүретін жолына жаңадан бардюр салып, асфальт төсегелі жатыр. Бұл – көптен күткен жөндеу. Әкімдікке және тапсырыс беруші бөлімге айтар алғысымыз шексіз. Тиісті жұмыстар сапалы, тиянақты жасалады деген ойдамын. Осы көшеде орналасқан N35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей алдында жаяу жүргіншілер жолы (тротуар) жоқ. Кезінде тротуар болған еді. Мемлекет салып берген тротуарды бұзып, газ құбырын жүргізіп, болған соң сол тротуарды бұзған мекеме қалпына келтірмей кетті. Салдарынан жаңбырлы күндері оқушылар асфальтта жүруге мәжбүр. Бұл адам өмірі үшін аса қауіпті, – дейді ол.
Тұрғын кенттегі Д.Қонаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынса деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ №35 мектеп-лицей алдындағы автотұрақты да кеңейткен дұрыс екенін айтты. Өйткені мектепке келушілер тар жолдың үстіне көліктерін қояды. Бұл оқушылардың, мұғалімдердің қауіпсіздігіне кері әсер етеді. Осы мәселелер бойынша аудан әкімдігі тұрғынның сауалына ресми жауап берді.
– Кент аумағында жасалып жатқан жұмыстарға алғыс білдіре отырып, білдірген азаматтық ұстанымыңызға рахмет. Расында, Д.Қонаев көшесінде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте, аталған автомобиль жолының ені 6 метр болған, атқарылып жатқан жоба бойынша жолдың ені 8 метрге ұзартылған. Жөндеу жұмыстары барысында, Д.Қонаев көшесі бойындағы №35 мектеп-лицейінің алдынан автотұрақ және такси тұрақтары жасалатын болады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолын салу бойынша Тереңөзек кентінде 10 көшеге жоба әзірленіп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 479,3 млн теңгеге бюджеттік өтінім өткізіліп, қаржыландырылуы күтілуде. Аталған жобаның ішінде Д.Қонаев көшесі де бар және тиісті қаржылары бөлінісімен қолданыстағы мемлекеттік сатып алу заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар атқарылатын болады, – делінген аудан әкімдігінің ресми жауабында.
«ТТ» ақпарат