Кент көшелерін аралады
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетовпен бірге кент көшелерін аралап, атқарылып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстармен танысты. Кент көшелерін аралауға аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері Жұмабек Ембергенов пен Ақтөре Ибрагимұлы да қатысты.
Аудан басшысы бастаған топ ең алдымен «Майжарма» каналын абаттандыру жұмыстарын көрді. Кент әкімі Ержан Бахтияров пен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Бисембаев жүргізіліп жатқан жұмыстарды таныстырды. Мердігер мекеме өкілдерімен пікірлескеннен кейін аудан әкімі абаттандыруға кері әсер етіп, канал бойына шығып кеткен тұрғын үй иелерімен пікірлесті. Аудан басшысы мен аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері тұрғындарға барлық жұмыстар халықтың игілігі үшін жасалып жатқанын айтып, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мұнан соң аудан әкімінің назарына Иса Тоқтыбаев көшесіндегі автокөліктерге арналған көпір маңайындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдың мәселесі ұсынылды. Мұнда жолға өте жақын орналасқан бетонды лотоктар да көрсетіліп, үгітіліп кеткен, дұрыс орналастырылмаған лотоктарды ауыстыру мәселесі көтерілді.
Бұл күні аудан әкімі «Айтбай арық» каналын да аралап, атқарылуы тиіс жұмыстарды саралап, мекеме басшыларына абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, насостар орнату бойынша тапсырмалар берді. Ал Қоғамдық кеңес мүшелері халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналып жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасын бақылап, құрылысшылармен пікірлесті.
«ТТ» ақпарат