Құрылыс материалына сұраныс жоғары
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі «Мадияр» құм блогын шығару цехының жұмысымен танысты. Мұндағы жұмыстарды облыстық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Жұмабек Ембергенов атап көрсетті.
Құрылысқа қажетті материалды шығару жұмысын жеке кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын бастаған. Ол үшін Тереңөзек кентіндегі бұрынғы пластик терезелер шығаратын зауыт ғимаратын алып, оны осы кәсіпке лайықтандырған. Үлкен көлемдегі қыш құятын арнайы қалып, цемент пен тас араластыратын станок және басқа да құрал-жабдықтарды сатып алған. Осылайша, құм блогын шығру цехы іске қосылған.
Аталған кәсіпке байланысты Ж.Ембергенов «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының грантын ұтып алған. Қазіргі таңда өндіріс орнында түрлі-түсті құм блогы шығарылуда. Цехта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Құрылыс науқаны қарқын алды. Осындай кезеңде тұрғындар сұранысын қамтамасыз ету үшін еңбектеніп жатырмыз. Қазірдің өзінде құрылыс материалына сұраныс жоғары. Түрлі-түсті құм блогын халықтың сұранысына қарай дайындап береміз. Алдағы уақытта өндірісті ұлғайтуды, кәсібімізді кеңейтуді көздеп отырмыз. Ол үшін мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 2,5 пайыздық несие алуға ниеттіміз. Өндіріс кеңейсе, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтитын боламыз, – дейді жеке кәсіпкер Жұмабек Әшімұлы.
Кездесу барысында аудан басшысы тиісті сала басшыларына жеке кәсіпкерге көмек көрсетіп, түрлі мемлекеттік бағдарламаларға ұсынуға тапсырма берді. Одан бөлек мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдарынан несие алуға ниет білдірген аудандағы барлық кәсіпкерге қолдау көрсету керектігін жеткізді және бұл ұдайы назарда болу керектігін ескертті.
Е.БЕРКІНБАЕВ