Сапалы «пескоблок» іздесеңіз..
Күн жылысымен-ақ құрылыс қарқын алатыны белгілі. Тұрғындардың бірі жаңа үй көтерсе, енді бірі сарай, гараж басқа да нысан салуды қолға алады. Тіпті тұрғын үйді кеңейтіп, бөлмелер қосатындар да жоқ емес. Міне, осы уақытта көпшіліктің құрылыс материалдарына, оның ішінде қыш, кесекке деген сұранысы артады. Ал осындайда қыш өндіріп, кесек құюды кәсіп еткендердің жұмысы қызады.
Бүгінде үлкен көлемдегі қыш (пескоблок) сұранысқа ие. Өйткені аталған қышпен кез келген ғимарат жылдам бой көтереді. Сондықтан да бүгінде осыны кәсіп көзіне айналдырушылар қатары жетерлік. Олардың қатарында мұны отбасылық бизнеске айналдырған ЖК «Рсбаева» да бар.
Бұл жұмыстарды үйлестіруші Жұмабек Ембергенов аталған кәсіпті өткен жылдан бастап қолға алған. Ол үшін аудан орталығындағы бұрынғы пластик терезелер шығаратын зауыт ғимаратын алып, оны осы кәсіпке лайықтандырған. Үлкен көлемдегі қыш құятын арнайы қалып, цемент пен тас араластыратын станок және басқа да құрал-жабдықтарды сатып алған. Содан соң 5 адамды жұмыспен қамтып, өткен жылдың мамырынан бастап пескоблок құйыла бастаған.
– Тереңөзек кенті Ғ.Мұратбаев тұйығы көшесіндегі бұрынғы пластик терезе шығаратын зауыт ғимаратын сатып алдық. Содан осы кәсіпті бастауға ниеттеніп, қажетті жұмыстарды жүргіздік. Біз өткен жылы айына 6-7 мың дана үлкен көлемдегі қыш құйдық. Оны көршілес Жалағаш ауданынан, сондай-ақ Тереңөзек кенті мен Шаған, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Қалжан ахун ауылдарының тұрғындары алды. Көбіне жақын жер болған соң кент тұрғындары 1000-2000 данадан сатып алды. Кәсібіміз алға басқан соң биыл бұл жұмысты ерте бастап отырмыз, – дейді Ж.Ембергенов.
Пескоблокқа қазірдің өзінде сұраныс артып отыр. Сондықтан бүгінгі таңда күніне 500 дана қыш құйылуда. Ал осы жұмыстардың жылдам жүруі үшін жүк тиегіш техникасы сатып алынған. Кәсіп иесі мұның көмегі көп екенін айтады. Қиыршық тасты, үлкен қаппен алынған цементті арнайы станокқа дейін жеткізіп беру жұмысы осы жүк тиегіш техника арқылы жеңілдеген.
– Қазір кәсіпкерлікті дамыту басты назарда тұр. Қолдан келетін кәсібімізді өркендету жолында еңбектеніп келеміз. Алдағы жоспарымызда күніне 2000 данаға дейін шығаратын арнайы станок алу бар. Осы құрылыс науқанында көпшілік сұранысын қамтамасыз етіп, тағы да жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын боламыз. Тағы бір айта кететіні, бізден пескоблок сатып алған тұрғындарға жеткізіп беруде жеңілдіктер қарастырылған. Үлкен көлемдегі қыштың 1 данасы 250 теңгеден сатылуда, – дейді отбасылық кәсіпті жүргізіп отырған кәсіпкер.
Кәсіп иесінен қыш алған тұрғындар құрылыс материалының сапасына өздерінің ризашылығын білдіруде.
– Өткен жылы есік алдында құрылыс жұмыстарын жүргізуге пескоблок іздедім. Қазір көпшілігі құрылысты осымен салады. Іздегенім жақыннан табылды. Енді құйып бастап жатыр екен, 2000 данаға тапсырыс бердім. Тез арада құйып, кәсіпкердің алғашқы тұтынушысы болдым. Пескоблок сапасы жақсы. Соның арқасында есік алдындағы құрылыс жұмыстарын бітіріп алдым, – дейді кент тұрғыны А.Аймышев.
Расында, көктем басталысымен құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Осындай уақытта қажетті құрылыс материалдары болмай қалса, ойлаған жұмысың бітпей қалады. Ал сапалы құрылыс материалдары дер кезінде дайын болса, күн суымай құрылысты бітіріп, ойдағы ісің орындалады. Бұл ретте сапаға мән беретін Ж.Ембергенов кез келген тұрғынның сұранысын қамтамасыз ету бағытында кәсібін кеңейте бермек. Сапалы пескоблок іздесеңіз, алысқа барудың керегі жоқ.
Ердос БЕРКІНБАЕВ