Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар бақылауда болсын

Балалар бақылауда болсын

Елімізде соңғы уақыттардағы жасөспірімдер арасын­дағы құқық бұзушылықтар үлкен алаңдаушылық ту­дырып отыр. Олардың арасындағы әлімжеттік, бір-біріне сес көрсетуі жас жеткіншектердің еркін жүріп-тұруына кері әсерін тигізіп жатқаны рас. Сондықтан бұл мәселеге ерекше мән берілуі керек.

№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде «Жасөспірімдер арасында жиі орын алатын құқық бұзушылық және олардың қылмыстық жауапкершілігі» та­қы­рыбында алқалы жиын өтті. Алқалы жиын 8-11 сыныптың ұлдарына бөлек, қыз­дарына бөлек ұйымдастырылды.

Ұл балалармен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудан­дық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы А.Мұстафаев, «Шаңырақ» әкелер кеңесінің төр­ағасы М.Елеусінов, аудандық аурухана психологы М.Маханбетжанов қатысты.

Іс-шараның басында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев қазіргі кезең­дегі жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық көбейгенін, оның алдын алу жұмыс­тарын қоғам болып жүзеге асыру керектігін айтты. Бұған ата-ана да, ұстаздар да, барлық қоғам өкілі жауапты екенін жеткізді.

– Мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңі – жастардың қолында. Олардың алдыңғы атқарар іс-әрекетінің түп тамыры бүгінгі күнмен тығыз байланысты. Сондықтан елімізде жастар саясатына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Көптеген жастар ісі бойынша қоғамдық ұйымдар құрылғандығы тағы да белгілі.

Бұл жастар мен жасөспірім­дердің тағдыры кімді болса да бей­тарап қалдырмай, оларға үне­­­мі қолдау көрсетілуде. Дегенмен кейінгі кездегі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық әре­­кеттердің көбеюі көпшілікті алаң­­датуда. Сол себепті де бұл­ қа­­зіргі қоғамдағы ең өзекті мәсе­ле­ле­рінің бірі саналады. Жасөс­пірімдер арасындағы қылмыс­тар­ды болдырмауға қоғам жауапты. Және де жас жеткіншек­тер де жа­уапкершілікті сезіне білуі тиіс, – деді Димаш Серікбайұлы.

Жиын барысында іс-шара­ға қатысқан меймандар жас­өспі­рім­дер арасындағы қылмыс­тар мен құқық бұзушылыққа, буллинг пен кибербуллингке, есірткі құмарлық пен нашақорлық, суи­цидтің және топтық төбелестің алдын алу бойынша өз пікірлерін білдірді. Отбасындағы қолайсыз жағдай, олардың сабаққа бармай қалуы, өздерінің құқықтарын дұрыс білмеуі, ата-ана тарапынан қадағалаудың жоқтығы жас­­өс­пірімдердің қылмыс жасауына әсер ететін негізгі факторлар екенін атады. Құқық бұзушы­лық­қа жол бер­ген жасөспірім­дерге жауап­кер­­шілік қаралғаны түсін­дірілді.

Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы А.Мұстафаев кәмелетке толмағандар арасындағы қыл­мыстың өсуіне жол бермеу ма­ңызды екеніне тоқталды. Полиция подполковнигі өрімдей жас­­тардың қылмыс жасауы көз үй­ренген көрініске айналып бара жат­қанын тілге тиек етіп, оған тос­қауыл қою керектігін айтты.

– Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта береді. Сол себепті бұл – аса өткір мәселе. Қа­зіргі таңда өмірге көзқараста­ры толық қалыптаспаған жастардың арасында қылмыстардың жасалуы жиі кездесуде. Алдын ала ­жос­парланып, дайындалып, тех­ника­мен жабдықталған қылмыс­тар санының артуы, жастардың топтасып құқық бұзушылық жасауы белең алған. Мұндай құқық бұзушылық фактілеріне қатысы бар жасөспірімнің болашағына балта шабылады, оның арты жақсы болмайтыны айқын. Осы себепті де болашағы жарқын, келешегі кемел азамат болу үшін құқық бұзушылыққа, қылмысқа жоламай, үйдегі үміт артып отыр­ған ата-ананы, мектептегі ұс­таздарды жерге қаратпау керек, – деген А.Мұстафаев балалар арасында топтық төбелестің алдын алуды ұйымдастыру бағы­тында аудан бойынша қоғамдық емес ұйым өкілдері, мектеп ұс­таздары, ата-аналардың қатысуы­мен кү­шей­тілген рейд ұйымдас­ты­рылып жатқанын ескертті.

Алқада «Шаңырақ» әкелер кеңесінің төрағасы Мектепхан Елеу­сінов жасөспірімдердің қыл­мыс жасауының себептеріне тоқ­тал­ды.

– Кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарын­да немен шұғылданып жүргенін қа­­да­ғаламауынан осындай жағ­дай­­­­лар орын алады. «Ел болам де­­­сең – бесігіңді түзе» деп дана хал­қымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұ­зушылықтың тө­мен­деуіне көп сеп­тігін тигізер еді, – деді М.Елеусінов.

Жиын барысында аудандық аурухананың психологы М.Махан­бет­жанов жасөспірімдер арасында белең алған адам ағзасына зиян келтіретін шылым шегу, элек­тронды темекіні тұтыну зардабы жөнінде түсіндірме жұмыс­тарын жүргізді.

Ал қыз балаларға арналған жиынға ардагер-ұстаз А.Ізбаса­рова, аудандық емхана психологы Н.Қожагелдиева, «Отбасын жос­парлау» кабинетінің қыз­меткері Р.Үсенбай, учаске­лік полиция инспекторы А.Көш­таева, мектеп-лицейдің тәрбие ісі жөніндегі орын­басары Л.Сағым­баева, мек­теп­ішілік «Ақжүніс» қыздар ұйы­мының төрайымы С.Құ­рамы­сова қатысып, бұзақылықты болдырмау, құқық бұзушылықтың алдын алу, саламатты өмір салтын сақтау мәселелерін талқылады.

Қазіргі таңда жасөспірімдер­дің түнгі мезгілдерде көшеде жүр­ме­уіне байланысты тұрақты түрде рейд жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар ел болашағы сана­латын жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алады.

Е.БЕРКІНБАЕВ
25 сәуір 2023 ж. 313 0