Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сыр үміті» жастар сыйлығын иеленді

«Сыр үміті» жастар сыйлығын иеленді

Сыр өңірінің бас шаһарында облыс әкімдігі жанындағы жас­тар істері жөніндегі кеңес өтті. Кеңейтілген кеңес жұ­мысында өңірдегі жастар саясатын дамыту жұмыстары талқыланды. Оның барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақты өркендетуде әр салада белсенді еңбек етіп жүрген жастарға өңір басшысы атынан таға­йындалған «Сыр үміті» жастар сыйлығын табыс етті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан көрінген 15 жастың қатарында жерлесіміз, спортшы Бейбітжан Қобланов та бар. Бейбітжан – ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылының тумасы. Бірнеше жылдан бері спортты жанына серік еткен жерлесіміз алғашында ұлттық жекпе-жекпен айналыса бастайды. Ол Абай Мырзахметов атындағы Көкшетеу университінде әскери сала бойынша оқып жүріп, қойын-қолтық ұрыстың қыр-сырына қанығады. Осылайша, жас спортшы байрақты бәсекеде бақ сынау арқылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қойын-қолтық ұрыстан спорт шебері атанады.

Жас спортшы түрлі деңгейдегі дода­ларға қатысып, ел мерейін үстем етіп ке­леді. Білектің күшімен қарсыласынан басым түсетін Бейбітжан Қобланов ұлттық жекпе-жектен ҚР чемпионы, Nomad MMA Азия жүлдегері, ұлттық жекпе-жектен Азия және әлем чемпионы атана білді. Сонымен бірге жігері мықты спортшы өткен жылы ұйымдастырылған «Оrda zhekpe-zhek championship» халықаралық турнирінде лем чемпионы атағын қорғап қалды.

– Сыр елінің намысын байрақты бәсе­келерде қорғап жүрген мен үшін «Сыр үміті» жастар сыйлығын иемдену қуанышты сәт болды. Осыған дейінгі қол жеткізген жетістіктерім бір төбе болса, жастар сый­лығы өз ерекшелігімен дараланады. Барша тілеулес жерлестерімнің қолдауын әркез сезінемін. Қашанда ауданымызды жақсы жа­ғынан көрсету – біздің міндетіміз. Әлі талай жарыстарда аудан, облыс, ел мерейін өсіріп, биіктерді бағындыратын боламыз.Отбасында 5 ағайындының үлкенімін. Осы сыйлықты алғанымызға отбасымызбен дән ризамыз. Әркез тілеулестік білдірген жер­лестеріме алғыс айтамын, – деді Бейбіт­жан Қобланов.

Бүгінде кәсіби тұрғыда аралас жекпе-жекпен айналысып келе жатқан жас спортшы алдағы уақытта өткізілетін жарыстарға дайындық үстінде.  

  Балтабай ОРДАБЕКОВ
22 сәуір 2023 ж. 172 0