Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялық жас чемпион атанды

Сырдариялық жас чемпион атанды

Спорттың ережесіз жек­пе-жек деген түрі бар. Бұл қызуқанды жігіттердің шаршы алаңға шығып, өзара жұ­дырықтасу арқылы кім мық­тыны анықтайтын сайысы. Аталған спорт түрі өңірде енді ғана дамып келеді. Со­ған орай жақында ғана ауданда алғаш рет турнир өткізіліп, шымыр жігіттер шар­шы топқа түскен болатын.

Бұрнағы күні облыс орталығындағы «Еуразия» спорт кешенінде ережесіз жекпе-жектен «ORDA ZHEKPE-ZHEK CHAMPIONSHIP» атты халықаралық турнир өтті. Оған елімізбен қатар шет мемле­кеттер, атап айтқанда, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан кәсіпқой спортшылар қатысты. Олардың қатарында аудан намысын қорғаған жігіттер де бар.

Халықаралық турнирде 14 жекпе-жек өткізілген. Оның екеуі титулдық жекпе-жек, яғни, чемпиондық атақты қорғап алу. Осындай жекпе-жекте жерлесіміз Ерасыл Мұратов қарсыластарын соқ­қының астына алып, өздерінің мықты­лығын дәлелдеді. Нәтижесінде, 55 ке­лі салмақ дәрежесінде аудан атынан шыққан сырдариялық спортшы чемпион атанды. Жас спортшы шешуші кездесуде қарсыласына үдере соққы беріп, өз салмағында жеңімпаз атанды.
Бұдан бөлек, өңір намысын қорғаған Бейбітжан Қобланов титулдық атағын қорғаса, інісі Мағжан да чемпиондық атаққа қол жеткізгенін атап өту керек. Олар ауданға қарасты С.Сейфуллин ауы­лының тумасы. Балалық шақтарында отбасымен бірге облыс орталығына көш­кен. Болаттай қос жігіттің кішісі өз салмағының жеңімпазы болса, үлкені Бей­бітжан чемпиондық атағын қорғап қалды.

– Осыдан бір айдай бұрын желіде Бейбітжанмен пікірлесіп едім, алда ережесіз жекпе-жектен чемпиондық бел­­дігін қорғайтындығын жеткізген бола­тын. Уақыт жақындаған са­йын дайын­дығының жоғары дәрежеде жүріп жат­қан­дығын, сол шақты асыға күтіп жүр­генін, енді бірде дайындықтың толық та сәтті аяқталғанын желі арқылы жан­күйер­леріне және ескертіп тұрды. Сөйтіп жүргенде сол күн – чемпиондық белдікті сарапқа салатын уақыт та келіп қалыпты. Қырғызстанның, Тәжікстан­ның, Өзбекстанның, Алматы қаласының «Айбын», Қызылорда қаласының «Ор­да», Сырдария ауданының жекпе-жек клубтарының кіл мықтылары өздерін дәлелдеген сайыс болды. Осы сайыс­та біздің Бейбітжанмен Сардарбек ат­ты Өзбекстан чемпионы жұдырық тү­йіс­тірді. Біздің мақтанышымыз еш сас­пастан әртүрлі соққыларымен амал-айла әдістерін оңтайлы қолданғысы келген ала тақиялы қарсыласын бір минут шамасында «бұрап» тастады. Таза жеңіске жетті. «Еуразия» спорт кешені біраз уа­қытқа дейін көрермендердің дауысынан жаңғырып тұрды, – дейді чемпионға жанкүйер болған Б.Есназар.

Жалпы, осы халықаралық турнирде аймақ намысын қорғаған спортшылар чемпион атанып, мерейді үстем етті.

Е.БЕРКІНБАЕВ
29 қараша 2022 ж. 406 0