ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 2018 ЖЫЛЫ 12 СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНДЫ
Оның ішінде 7 облыстық бюджет қаражаты есебінен, қалған 5 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынды.
2018 жылы облыстық бюджет қаржысы есебінен 7 елдімекенде (Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдары және Сексеуіл, Төретам кенттерінде) спорт кешендері салынды.
Оған қоса, «Мұз айдыны» спорт кешенінде ашық жүзу бассейні ашылды.
Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту басталды.
Айта кету керек, облыс спортшылары 2018 жылы Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 1343 медаль (441-алтын, 421-күміс, 481-қола) жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттарында 131 медальға (47- алтын, 43-күміс, 41-қола) ие болды.
8 спортшы - «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 62 спортшы – «Қазақстан Республикасының спорт шебері», 1 073 спортшы – «Спорт шеберлігіне үміткер», 307 спортшы – «1-ші cпорттық разряд» нормативін орындады. Облыстың 470 спортшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама сапына енді. «Қайсар» футбол командасы Қазақстан Республикасының Чемпионатының Премьер-Лигасында 5-орынды иеленді.
2019 жылы Қызылорда облысында алғаш рет ерлер арасында бокстан ҚР чемпионаты, сондай-ақ парадзюдо бойынша 10 мемлекет, оның қатарында АҚШ қатысатын халықаралық турнир өтеді.