Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салынады

Мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салынады

«Сәуір айы басталса, мамырдың төбесі көрінеді» дейді үлкен кісілер. Ал мамырдың төбесі көрінсе, ата-аналар балаларының тағы бір оқу жылын қорытындылауға асығады. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектер алтын ұямен қоштасу рәсіміне ерекше белсенділікпен дайындалады.

Бұрын мектеп бітіру кештері мектеп пен ата-ана үшін ғана емес, қоғам үшін үлкен той болса, қазір мектеп бітіру кештерін ұйымдастырудың форматы өзгерді. Оған себеп те жоқ емес. Бір күндік, бірнеше сағаттық қуанышты шамадан тыс тойлаймын деп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған қаншама жас өкінішпен бетпе-бет келді. «Қымбат көлік жалдап, үлкен көшелерде ерсілі-қарсылы жүреміз» деген жастардың ой-жоспарларының соңы қайғылы жағ­дайлармен аяқталды. «Суға шомылуға барамыз» деп сан соғып қалғандар да бар. Осыны ескерген білім беру саласы мен ата-аналар өзара ақылдасып, ортақ шешімге келді. Тіпті еліміздің көп өңірінде мектеп бітіру кештерін сән-салтанатпен, үлкен шы­­­ғынмен атап өтудің орнына мәні мен мазмұны ұш­тас­қан рухани-танымдық іс-шаралар өткізу дәс­түрге айналып келеді. Қазақылықтың қаймағы бұ­зыл­­­ма­ған қасиетті Сыр өңірінде де осынау жақсы үрдіс қалыптасуда.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп бітіру кештерін ұйымшылдықпен өткізу, бітіру­ші­лердің өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұ­зу­шылықты болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары әзірленген. Осыған орай облыстық білім басқармасы тарапынан арнайы бұйрық қабылданып, барлық білім беру ұйымдарына жолданған. Аталған бұйрыққа сәйкес, оқу жылын аяқтау іс-шараларын ұйымдастыруға және мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге оқушылар мен ата-аналардан, педагогтар­дан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынады.

Білім басқармасының хабарлауынша, барлық дең­­гейдегі білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына мектеп бітіру кештерін өткізу барысында оқушылар мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасалуын қам­та­масыз ету тапсырылған. Оның ішінде мектеп бітіру кеш­терін міндетті түрде мектеп қабырғасында және білім ордасының ауласында өткізу, іс-шараға бітіру­шілердің мектеп формасымен қатысуын және барынша қарапайым түрде өткізілуін қатаң бақылау жүктелген. Бұл туралы облыстық білім басқар­ма­сының мектепке дейінгі және орта білім бөлімінің бас маманы Қарлығаш Әнуарова кеңінен айтып өтті.

– Жеке үйлер мен ресторандарда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін ұйым­­дастырудың қауіптілігі жоғары. Осыны әр ата-ана, әр оқушы ескеруі қажет. Мектеп бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына жол бермеу керек. Бұл өте қауіпті және соңы өкінішпен аяқталған фактілер көп. Оқушылардың өмір қауіпсіздігі мен жас­өспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мен алдын алу тек білім саласының жұмы­сы емес. Сондықтан арнайы белгіленген іс-шаралар жос­­парына сәйкес медицина, төтенше жағдай, құқық қорғау саласы мамандарымен бірлесе жұмыстар ат­қарылуда. Мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру үшін ана-аналардан ақша жинауға, ата-аналар та­ра­пынан мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сый­лық­тар берілуіне мүлдем жол бермеу үшін тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Негізі мектеп бі­тіру кештерін қарапайым түрде мектептің қолда бар мүмкіндігімен ұйымдастыру керектігі ескерті­леді, – дейді облыстық білім басқармасының мектеп­ке дейінгі және орта білім бөлімінің бас маманы.

Айта кету керек, мектеп бітіруші түлектердің та­биғат аясына серуендеуі, өзен, көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуі де қатаң бақылауда болады. Ата-аналар өз балаларын назардан тыс қалдыр­май, үлкендердің рұқсатынсыз және мектептің ке­лісі­мінсіз ешқайда жібермеуі керек. Өйткені жастық желік пен қызығушылықтың соңы тәртіп бұ­зушы­лықпен аяқталуы мүмкін. Сондықтан білім са­ласы­ның өкілдері осынау жауапты кезеңде әр ата-ана баласымен жеке жұмыс істеп, отбасы тара­пынан ақыл-кеңес, тиісті ескертпе айтуы қажет деп есеп­тейді. Бүгінде бұл бағытта кезекшіліктер ұйым­дас­ты­рылып, педагогтар мен ата-аналар арасында ақ­параттық-түсіндірме жұмыстары қамқоршы­­лық ке­ңес мүшелері арқылы белсенді жүргізілуде.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
08 сәуір 2023 ж. 560 0