Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ертең барлық мектептерде аттестат тапсыру рәсімі өтеді

Ертең барлық мектептерде аттестат тапсыру рәсімі өтеді

16 маусым күні облыстағы барлық білім беру ұйымдарында аттестат тапсыру рәсімі өткізіледі. Осыған байланысты мектеп бітіру кешін мейрамханаларда немесе ойын-сауықтық орталықтарда өткізуге қатаң тыйым салынады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz. 

Тиісінше, мектеп бітіру кеші білім ордаларының ауласында қарапайым түрде ұйымдастырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Дәулетәлиев мәлімдеді.

Өңірде негізгі орта білім туралы аттестатты алатын, яғни 9 сыныпты бітірушілер саны – 14 543 құраса, оның 1 765-і «Үздік аттестат» иегері. Ал 11 сыныпты бітіруші түлектер саны – 7506 оқушы. Оның 415-і «Алтын белгіге» үміткер болса, 804 оқушы «Үздік аттестат» иегері.

«Мектеп бітіруші түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін барлық өткізілетін іс шаралар мектеп ауласында өтеді. Бұл шараға барлық оқушылар мектеп формасымен қатысуға міндетті. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектердің табиғат аясына немесе су айдындарына баруына болмайтынын ескертеміз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медицина қызметкерлері, өрт сөндіру мамандары және ішкі істер органдары жұмылдырылды. Адамдар көп шоғырланатын демалыс орындары мен ойын-сауық орталықтарына мектеп әкімшілігінен құралған кезекшілік топ рейд жұмыстарын жүргізеді. Тағы бір ескертетін жәйт, ата-аналар тарапынан ақша немесе сыйлықтар берілуіне тыйым салынады», – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Дәулетәлиев.

Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында әрбір білім беру ордаларында 2 полиция департаментінің қызметкері бекітілген. Олар күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.

«Ертеңгі болатын аттестат тапсыру рәсімі кезінде қауіпсіздікті барынша сақтауға полиция департаментінің қызметкерлері дайын. Қала ішінде көліктермен автошеру өткізуге болмайтынын ескертеміз. Әсіресе таңды қарсы алу үшін су жағалауларына баруға болмайды. Егер де ескертуге қарамастан құқық бұзушылық орын алған жағдайда мектеп бітіруші түлектердің заңды өкілдеріне әкімшілік шара қаралады», – деді облыстық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметi басқармасы бастығының орынбасары Бақыт Молдабеков.
15 маусым 2022 ж. 518 0