Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іскер азамат марапат төрінде

Іскер азамат марапат төрінде

Ауданға белгілі азамат, кәсіпкер Әділбек Серікбаевтың 60 жасқа толу мерейтойына орай аудан әкімдігінде жиын өтті. Онда аудан әкі­мінің орынбасары Димаш Байдушев ардақты азаматты мерейлі ­жасымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Іс-шарада мерейтой иесінің ерекше қуанышты сәтін ау­дан­дағы кәсіпкер­­лер мен сыныптас дос­тары бөлісті.

Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев кәсіпкердің аудан дамуына сіңірген еңбегі зор екеніне тоқталды.

– Бүгін ауданның дамуына елеулі үлес қосып, кішіге ізет, үлгі өнеге көрсетіп жүрген Әділбек Нұрға­ли­ұлының 60 жасқа толуына орай құт­тықтау іс-шарасына жиналып отырмыз. Ә.Серікбаев – қаншама жыл көлік саласында қызмет атқарып, бүгінде ел ықыласына бөленген кәсіпкер. Өлкеде қытымыр қыста халықты қатты отынмен қамтамасыз етіп, игі іс-шараларға әркез қолдау білдіріп келеді. Сонымен қатар ауданның дамуына елеулі үлес қосуда. Сондықтан да ардақты азаматқа елдің ықыласы бөлек, – деген аудан әкімінің орынбасары иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ белгілі азаматты «Ел құрметі» қоғамдық қорының «Кәсіпкер» медалімен марапаттады.

Негізі, жұртшылық Әділбек Серік­­баевты «Адик» ретінде таниды. Кә­сіпкер сонау еліміздегі қиын-қыс­тау кезеңдерде кәсіп ашып, содан бе­рі берекелі жұмысымен айналысып келеді. Ол алдымен көлік саласын­да қажырлы еңбек ете білді. Жас кезінен бастап ауыр техникаларды тізгіндеп, еңбек көрігін қыздырды. Атап айтқанда, аудандағы «АТП» ме­ке­месінде он жылдан аса техника жүргізген. Ал ел егемендігін алған тұс­та аудан орталығындағы автобе­кет бастығы ретінде тасымал жұмысы­на жауапкершілік танытқан. Тағы бір онжылдықта осы сала жұмысын жандандырса, одан кейін жеке кәсіпкерлік бағытқа бет бұрған.

Жаңа ғасырдың бас кезінен Әділ­бек Нұрғалиұлы «Нұрдәулет» жеке кәсіпкерлігін ашып, ауданға құры­лыс заттарын жеткізді. Ал сырдария­лықтарды ұзақ жылдар бойына көмір­мен қамтамасыз етіп келе жат­қан Адик ағаға бүгінде көпшіліктің айтар алғысы мол.

– Әділбек мектеп бітіргеннен бас­тап кәсіпкерлікке икемді болды. Ол кезең тоқырау жылдары болды. Соған қарамастан өз еңбегімен кәсібін бас­тап кетті. Құрылысқа қажетті қиыр­шық тас, үй шатырына керекті заттарды, одан бөлек құрылыс материалдарын аудан орталығына жеткізді. Сонымен қатар қатты отын кәсібін де дөңгелетіп, бүгінгі күнге дейін сол ісін жасап келеді. Кәсіпкер азамат ретінде жұртшылыққа көмек көрсетіп жүр. Сондықтан Әдекең ел алғысына бөленіп жүрген іскер азамат десем артық айтқандық емес. Міне, осындай елге қызмет етіп жүрген азаматтарға «Ел құрметі» қоғамдық қоры тарапынан зор құрмет көрсетіліп, марапаттар беріледі. Әділбек Нұрғалиұлы осындай марапатқа әбден лайық, – дейді «Ел құрметі» қоғамдық қорының ау­дандағы ұйымдастырушысы Шолпан Ералиева.

Жиында мерейтой иесіне кәсіпкер Ғалымхан Маханғалиев, сыныптас дос­тары Зина Сайдова мен Тынымкүл Ибраева құттықтау тілектерін жет­кізді.

Расында, Ә.Серікбаев сөздің емес істің адамы екенін дәлелдеп келеді. Осы кәсібінің арқасында отбасында жары Эльмира Садыққызы екеуі 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, жетілдірді. Үлкен қызы Дана – дәрігер, екінші қызы Меруерт есеп саласында еңбек етеді. Ал ұлы Нұрдәулет көршілес Жалағаш ауданында прокурор болып қызмет атқарады. Алпысты алқымдаған азамат бүгінде немерелерінің қызығын көруде.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
04 сәуір 2023 ж. 398 0