Сала ардагерлерінің сауапты ісі
Ауданның құқық қорғау саласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан азаматтар қай кезде де бірлігімен көпке үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Ардагерлер он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының құрметіне тағы бір сауапты амал жасады. Іс-шараға сала ардагерлерімен қатар мешіт жамағаты, журналистер қатысты.
Бұл жолы ардагерлер аудандық мұсылмандар мешітімен бірлесе отырып көмекке мұқтаж, аз қамтамасыз етілген он отбасыға ет үлестірді. Сондай-ақ өмірден өткен әріптестерінің құрметіне хатым құран оқытып, сауабын марқұмдардың рухтарына бағыштатты.
– Аудандық полиция бөлімі жанынан бастауыш ардагерлер ұйымы құрылған. Ұйымға біріккен сала ардагерлері түрлі іс-шараларда бас қосып, тәжірибелерін жас мамандарға үйретіп, үлкен-кішіге үлгі боларлық істерді атқаруға бастамашы болып келеді. Пандемия уақытында да нақты жұмыстар атқардық. Ал «Қаңтар қасіретінде» блок бекеттерде тәулік бойы қызмет еткен ізбасар әріптестерімізді ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Бұл жолы бәріміз ақылдаса келе қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыруды жөн көрдік. Сөйтіп, өз ынтамызбен орталай қаржы жинап, жылқы малын сатып алдық. Оны сойып, етін бөліп, 10 отбасыға тараттық. Сондай-ақ саналы ғұмырында тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек еткен әріптестерімізді еске алып, рухына құран бағыштадық. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады деп сенемін, – дейді аудандық полиция бөлімі жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Марат Еспенбетов.
Халқымызда «Өлі риза болмай, тіріде береке болмайды» деген даналық сөз бар. Ардагерлердің өліге де, тіріге де пайдалы сауапты амал жасап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы нағыз ізгілікті іс екені анық.
– Ардагер ағаларымыздан жақсы ұсыныс түскенде қуанып қалдық. Аудандық мұсылмандар мешіті мұндай сауапты амалдарды бірлесе атқаруға әркез дайын. Құқық қорғау саласының негізгі міндеті қылмысты ашу мен кінәлілерді жазалау ғана емес, қоғамды жақсылыққа ұйыстыру екені белгілі. Осы орайда өздері жақсы амал жасап, өзгелерді де жақсы амалдарға ынталандырып жатқан азаматтарға Алла разы болсын! Қасиетті Рамазан айындағы дұға-тілектері қабыл болсын, – деді аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Асхат Асқарұлы.
Айта кетейік, аудандық полиция бөлімінің жанынан құралған бастауыш ардагерлер ұйымында құқық қорғау саласында еңбек етіп, өмірден өткен 90-ға жуық азаматтың тізімі бар екен. Олардың қатарында Серікбай Жәкеев, Азатбақыт Әлиакбаров, Жылқыбай Құттыбаев секілді есімі аудан халқына белгілі ардақты азаматтар бар. Мақаланың мазмұнына қарай марқұм болған азаматтардың аты-жөнін толық жаза алмадық. Бірақ олардың есімдері де, еңбектері де ұмытылмайды.
А.ИБРАГИМҰЛЫ