Тергеушілер қайырымдылық көмек жасады
Қайырымдылық – қайырлы іс, үлкен-кішіге үлгі етерлік жақсы амал. Осынау мәнді де мағыналы ұғымды жұмыстарына арқау еткен Сырдария аудандық полиция бөлімінің тергеушілері бүгін тереңөзектік мұқтаж отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті.
Қайырымдылық іс-шарасына аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Нұрбол Нұржакиев, тергеуші Бауыржан Аблазиев, курсант Рүстем Шахтай және аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы қатысты.
– Қолдан келсе, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, қолдау білдіріп келеміз. Бүгін де жақсы амалды жүзеге асырып жатырмыз. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы үшін тұрмысқа қажетті азық-түлік пен тәттілер алдық. Мұндай игі жұмыстарды бұрын да ұйымдастырғанбыз және алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. Аудандық полиция бөлімінің тергеушілері қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысып келеді, – деді аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Нұрбол Нұржакиев.
Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы тергеушілердің жұмысы жауапкершілікке толы екеніне назар аударып, қиын әрі күрделі жұмыстан уақыт тауып, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып жатқан тергеушілердің жұмыстарына жеміс тіледі. Сондай-ақ қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде құқық қорғаушылардың алатын орны ерекше екенін атап өтті.
Ал әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасының мүшесі, көпбалалы ана Сырдария аудандық полиция бөлімінің тергеушілеріне шынайы ризашылығын білдіріп, аналық алғысын айтты.
Б.ОРДАБЕКОВ